Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қала тазалығына әрбір тұрғын мүдделі болуы тиіс

Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрмыстық қатты қалдықтардың уақтылы шығарылмауына қатысты проблема туындап отыр. Коқыс жәшіктері уақтылы тазаланбай, тұрмыстық қатты қалдықтар уақытылы әкетілмей қалуда. Бұл жағдай аулалар мен көшелердің ластануына әкеп соғуда, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі. 

Қала тазалығына әрбір тұрғын мүдделі болуы тиіс
Фото: otyrar.kz

Қолданыстағы заңнамада қаланың тазалығы екіге бөліп қарастырылған. 

Бірінші бөлігі – алаңдардың, көшелердің, аяқ жолдардың, аялдамалардың, саябақтардың, жалпы, барлық қоғамдық орындардың тазалығы. Бұған жергілікті билік тікелей жауапты. 

Қалдағы тазалықтың екінші бөлігі – тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты.

Заң бойынша тазалықтың бұл бөлігіне тұрғындардың өздері жауапты. Сол себепті тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтардың қаланың сыртындағы полигондарға тасымалдануы үшін коммуналдық қызмет көрсететін жекеменшік компанияларға ақы төлейді. 

Шымкент қаласында бұл қызметтің бекітілген тарифі бар. Көпқабатты тұрғын үйлерде жан басына – 170 теңге, ал, жеке секторда жан басына – 200 теңге. Яғни, бұл жерде тұрғындар – қызметке тапсырыс беруші, ал, тұрмыстық қатты қалдықтарды тазалап, әкетіп жүрген жеке компания – қызмет көрсетуші мердігер болып есептеледі. 

Демек, тұрыстық қатты қалдықты тазалау және тасымалдау жұмысы жеке тұлға мен мердігер компанияның арасындағы келісімшарттың негізінде жүзеге асып жатыр. 

Бүгінде Шымкент қаласының аумағында 2 294 көп қабатты үй мен 4 268 көше бар. 

Қазіргі уақытта тұрғындардың кейбірі қоқыстың уақтылы тазаланбағаны үшін қызмет ақысын төлеуден бас тартқан. Тараптардың арасындағы осы келіспеушіліктің салдарынан қалада уақтылы тазаланбаған қоқыс көбейе бастаған

Бұл жағдайда көптеген тұрғындар жергілікті әкімдікке шағымданып, наразылығын білдіріп жатыр.

Алайда, бұл – жеке тұлға мен мердігер компанияның арасындағы мәселе. Келісімшарт жеке тұрғын мен мердігер компания арасында жасалғандықтан, үшінші тарап, яғни, әкімдік бұл мәселеге араласып, шара қолданып немесе сотқа шағымдана алмайды. 

Тиісінше, тұрғындар қоқыстың уақтылы тазалануын әкімдіктен емес, өздері келісімшартқа тұрған компаниядан талап етуі тиіс. Тіпті, өз міндетін орындамаған компанияны тұрғындардың өздері сотқа беріп, оған айыппұл салдыра алады.

Сонымен қатар тұрғындар біріге отырып компаниямен арадағы келісімшартты бір жақты тәртіппен бұзып, басқа компаниямен келісімшарт жасауына да болады.