Спортшылар клуб басшылығын, клуб басшылығы облыстық басқарманы кінәлайды...
Көкшетауда «Синегорье» клубының баскетболшы қыздары 11 айдан бері жалақысын ала алмай жүр. Спорт клубы баскетболшы қыздармен келісімшартқа отырып, ақшасы уақытында беріледі деп уәде еткен. Жыл басында ел чемпионатында өнер көрсетіп, кейін карантинге байланысты жұмысы тоқтаған клуб жабылып қалуы да мүмкін, деп хабарлады azattyq-ruhy.kz.
Спорт клубы қыздар командасына 5 миллион, ерлер тобына 12 миллион теңге сомасында қарызға батқан.
"Біз 2019 жылдың тамызында "Синегорье" клубымен келісімшартқа отырдық. Жалақымызды дұрыстап бермей, жыл соңында тек жартысын аударды. Ал қаңтар айынан бастап тіпті бір тиын да көрмедік. Біз Щучинск қаласында тұрып, сонда жаттығу жасадық. Барлық ойынға қатысып, келісімшарттағы талаптарды түгел орындадық. Ерлер командасы ақша төленбеген соң, клубты тастап кетті. Біз бәрібір беріледі деген үмітпен жүре бердік. Басшылық "күнде ертеңмен" жүр. Карантин болған соң матчтар да тоқтатылды. Енді клуб мүлде жабылып қалуы мүмкін екенін естіп жатырмыз", - дейді баскетболшы қыздардың бірі Аягөз Серікова.
Спортшы қыздар облыс әкімдігіне, облыстық спорт басқармасына және прокуратураға арыз берген. Алайда, жалақы мәселесі әлі күнге дейін шешілмепті. Біз мәселенің мән-жайын "Синегорье" баскетбол клубының басшылығынан сұрап, пікірін білдік.
"Біздің клубымыз төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді. Республикалық чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болды. Бұған дейін спортшылардың жалақысын уақытында төлемей жүрген кезіміз болмады. Бірақ биыл тендерге қатысты 6 мәрте әрекет болса да, өтпей қалды. Ерлер командасына 20 миллион теңге бөлінген. Қыздар командасына мүлде бөлінбей қалды. Мәселені шешу туралы облыстық спорт басқармасымен күн сайын сөйлесіп жатырмын. Біз берілген уәдеден шаршадық. Олар бірде мемлекеттік сатып алулардың өтпей қалуынан, пандемия кесірінен деп түрлі сылтау айтады.
Бұл жерде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та болуы әбден мүмкін. Енді 2020-2021 жылғы келісімшартты да бекітпей отыр. Біз осыған дейінгі клуб қорындағы 36 миллион теңге қаражатты барлық жаттығу, турнирлерге қатысу, жалақы төлеуге жұмсап тұрдық. Біз барлық ойыншы мен жаттықтырушы алдындағы қарыздан құтылғымыз келеді. Бізге футболдағыдай соншалықты көп қаражат та берілмейді. Дегенмен, осындай қиындық болып жатыр. Алдағы уақытта шешуге тырысамыз", - дейді "Синегорье" клбуының директоры Андрей Николаевич.
Спортшылар клуб басшылығын, клуб басшылығы облыстық басқарманы кінәлайды. Аталған мәселе бойынша облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаевтың да пікірін білдік.
"2017 жылы Үкімет қаулысына сәйкес бұрынғы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар болған спорттық мекемелер жекешелендіріліп, клубқа айналып кетті. Облыстан жалғыз баскетбол командасы болған соң, "Синегорье" клубы еш кедергісіз жыл сайынғы мемлекеттік сатып алулардан жеңіп шығып, чемпионаттарға қатысты. Маңызды себептердің бірі - осы жылы оларға бәсекелес команда пайда болды. Биыл мемлекеттік сатып алулар клуб басшылығы айтқандай 6 рет емес, 4 мәрте ұйымдастырылған. Алғашқысы 15 қаңтарда өткізілді. Бірақ "Синегорье" клубы оған қатысқан жоқ. Бәсекелесі "Оқжетпес Арлан" клубы қатысты. Бірақ мемлекеттік сатып алу заңдарына сәйкес келмегендіктен, конкурс өтпей қалды.
Одан кейін сотқа шағым түсіріп, ол бір айдан астам уақыт қаралды. Бұл уақытта мемлекеттік сатып алулар өткізе алмадық. Одан кейін наурыз айында пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланып, барлық ойын тоқтатылды. 15 сәуірде екінші мәрте өткізбек болдық. Бірақ, төтенше жағдайдың жалғасуына байланысты чемпионаттың мерзімінен бұрын тоқталатыны туралы хат келді. 14 маусымда 2020-2021 жылдарға арналған үшінші мәрте мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізбек болдық. Бұл жолы да конкурс пандемия салдарынан өтпей қалды. Конкурсты одан әрі өткізу негізсіз деп танылды. Жалпы, баскетбол командасының бюджеті – 132 миллион теңге. 2019 жылы 112 миллион теңге бұл командаға бөлінген. Кейіннен ерлер командасына 20 миллион теңге бөлінді.
Ал клуб ойыншыларына келсек, мен олардың жұмыс берушісі емеспін. Барлық еңбек қатынастары "Синегорье" клубымен байланысты. Ал клуб келесі жылға келісімшарт жасауға қағаздарын әкелген жоқ. Басқа хоккей, волейбол клубтары чемпионаттары мен ойын кестесіне дейін әкелді. 24 қыркүйекте құжат келіп, ойындардың белгісіз уақытқа дейін кейінге қалдырылғаны туралы ғана хат келді. Сондықтан клубпен алдағы жылға келісімшарт жасалмады", - дейді спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев.
Клуб басшылығы мәселені тағы көтеріп, ойыншылар мен жаттықтырушылардың жалақы мәселесін шешуге күш салмақ. Ал ойыншылар жалақысын алу үшін енді сотқа жүгінбек.