21.09.2022, 10:55

«6 сынып оқушысы көз жұмды»: ІІМ қазақстандықтарға үндеу жолдады

Фото: ашық дереккөзі

Ішкі істер министрлігінің жүргізіп жатқан жұмыстарына қарамастан, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында болған жол апатынан  6-сынып оқушысы қаза болып, тағы үш жасөспірім зардап шеккен, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұл өз кезегінде жолда қауіпсіздік ережелерін сақтау тәртібінің төмендігін көрсетеді. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жол жүрісін қадағалауды, сондай-ақ жылдамдық режимін бұзу, бағдаршамның қызыл сигналына өту, қарсы жолаққа шығу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу сияқты өрескел бұзушылықтардың жолын кесуді күшейтті.

Сондай-ақ жолда жолаушылар көлігін жүргізетін, жүк тасымалдайтін жүргізушілерді тексеру күшейтілді.

Полиция жасақтарының бағыттары қарбалас уақытта оқу орындарына барынша жақындатылды.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігіне мектеп бағдарламаларында жол жүрісі қағидалары бойынша сабақты жеке бөлек пән ретінде өткізу туралы ұсыныс жолдады.

ІІМ жолдағы қауіпсіз жүріп-тұру қағидаларын ұмытпауға шақырады.

Жолда жүргізуші өзінің және өзгенің қауіпсіздігі үшін жауап беретінін есте ұстаған жөн. Жаяу жүргіншінің рұқсат етілмеген жерден өтуі қайғылы жағдайға айналуы мүмкін. Ата-аналардан балаларды бақылап отыруды сұраймыз. Балаларды мектепке шығарып салып, қарсы алуды ұмытпаңыздар. Жылдамдық режимін, сондай-ақ автомобильдер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтау өте маңызды, бұл жолдағы күтпеген апаттың алдын алуға көмектеседі, – делінген хабарламада.