Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Президент «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің қатысушыларын құттықтады

Елорданың «Қазанат» ипподромында «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі басталды

Президент «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің қатысушыларын құттықтады

Марафонның ашылу салтанатында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті қауым! Сіздерді «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің басталуымен құттықтаймын! Ұлттық спортты дамытуға және дәстүрімізді дәріптеуге арналған аламан жарыс елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Адамзат тарихында жылқы ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені белгілі. Бұл әлемдік өркениетке теңдессіз бетбұрыс әкелген жаңалық саналады. Біздің бабаларымыз ұлы дала шежіресін тұлпардың тұяғымен жазған, бүгінгі ұрпақ – сол көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері», - деп жазылған Президент құттықтауында.

Мемлекет басшысы қазақ пен жылқы егіз ұғым екенін, арғымақ атты халқымыздың символы деуге болатынын жеткізді.

«Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты осы. Әр өңірден келген шабандоздар кең байтақ қазақ даласын көктей өтіп, қасиетті Түркістан қаласына ат басын тірейді. Бұл нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода. Сондай-ақ елімізге рухани серпіліс әкеліп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба. Аламан бәйге ұлтымыздың рухын асқақтатып, мерейін асыра түседі деп сенемін. Баршаңызға сәт-сапар тілеймін», - дейді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, елімізде алғаш рет 1200 шақырымдық «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесі өтеді.

Марафоншылар 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан аттанып, Ұлы даланың бойымен 12 күнде 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтіп, 29 қыркүйекте Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына ат басын тіреуі керек. Қатысушыларға түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасауға мүмкіндік туады.

Белгіленген қашықтықты бастан-аяқ ең аз уақытта жүріп өткен команда марафонның жеңімпазы деп танылады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен «Ұлы Дала Сарбазы» атағы беріледі.

1-орын үшін жүлде қоры – 30 000 000 теңге мен Кубок болса, 2-орынға – 20 000 000 теңге мен Кубок және 3-орын үшін – 15 000 000 теңге мен Кубок беріледі.