Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қазақстандық оқ-дәрілер БАӘ мен Сауд Арабиясына жіберілген

Жалпы, мұндай патрондардың сақталу мерзімі 25, ең арысы 35 жылға дейін барады.

Қазақстандық оқ-дәрілер БАӘ мен Сауд Арабиясына жіберілген
фото: caravan.kz

Қазақстандық оқ-дәрі Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясына сатылған. Оны армениялық алыпсатар компания жіберген, деп хабарлады paryz.kz.

"Қазтехнологиялар" компаниясының хабарлауынша, оның бәрі мерзімі өткен ескі оқ-дәрі көрінеді.

"Ол – бүгінде қарулы күштерде, басқа да құрылымдарда қолданылмайтын оқ-дәрілер. Бәрі Кеңес Одағы кезінде, 70-жылдары шығарылған. Соңғы тұтынушының сертификаты бойынша, ол оқ-дәрілер Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сауд Арабиясы еліне жіберілді", - дейді "Қазтехнологиялар" АҚ басқарма төрағасы Дархан Ақбаев.

Қазақстандық оқ-дәріге қатысты шулы әңгіме Армения ақпарат құралдарында тараған. Онда армениялық компания Қазақстаннан 200 миллион дана патрон сатып алып, Түркияға жеткізіпті-міс делінген. Бірақ бұл ақпаратты сол компания өкілдері де, Қазақстан тарапы да жоққа шығарды.

Дегенмен, 2015 жылы армениялық "Мостон Инжиниринг" компаниясы мен "Қазтехнологиялар" акционерлік қоғамы арасында келісім болғаны рас. Жалпы, мұндай патрондардың сақталу мерзімі 25, ең арысы 35 жылға дейін барады. Ал Қазақстан 70-жылдарда шығарылған, яғни, мерзімі 45-50 жылға жеткен патрондардан енді сатып құтылып жатыр екен. Ал оны араб елдерінің не мақсатпен алып жатқаны белгісіз.