Дариға Назарбаева Айсұлтан Рахатты еске алуға арналған футбол турнирінің жеңімпаздарын марапаттады

«AR Сup 2022» жыл сайынғы балалар футбол турнирінің жеңімпазы өткен жылы да алтын медальді иеленген елордалық «Астана» ФК атанды. Турнирдің күміс жүлдегері – қарағандылық «Шахтер» ФК болса, қола жүлдені алматылық «Қайрат» ФК жеңіп алды.

Дариға Назарбаева Айсұлтан Рахатты еске алуға арналған футбол турнирінің жеңімпаздарын марапаттады
Фото: caravan.kz

Турнир жеңімпазы AR Cup 2022 кубогымен марапатталды. Жүлделі орын алған командалар мен жаттықтырушыларға медальдар және естелік сыйлықтар табысталды. Бұған қоса, турнирге қатысқан әрбір ойыншыға сыйлық сертификаттары берілді, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Caravan.kz-ке сілтеме жасап. 

Уразалинов Альнур, «Астана» балалар футбол клубының жаттықтырушысы:

"Біз жеңімпаз болғанымыз үшін өте қуаныштымыз. Бүгін біз үш ойын ойнадық. Барлық матчтар қиын болды, қарсыластар мықты болды. Балалар үшін бұл үлкен тәжірибе деп санаймын. Көрермендердің көп болғаны қуантады. Балалардың ата-аналары барлық командалар үшін бірдей белсенді жанкүйер болды. Ұйымдастырушыларға атқарған жұмыстары үшін үлкен рахмет айтқым келеді!" - деді.


9 жасар Данат Әділов, «Астана» балалар футбол клубының капитаны:

"Финалда біз «Шахтер» командасын жеңдік. Ойын қызықты өтті. Біз кәсіби алаңда ересек футболшылар сияқты ойнауға тырыстық. Керемет болды! Болашақта белгілі футболшылар болу үшін белсенді түрде жаттығуымызды жалғастырамыз", - деп өз ойымен бөлісті.

Еске сала кетейік, спорттық іс-шара 2022 жылдың 26-27 тамызында Нұр-Сұлтандағы «Астана Арена» стадионында өтті. Футбол ойындары «Арманда. Дос бол. Ойна» атауымен ұйымдастырылды. Бұған Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды футбол орталықтары мен футбол мектептерінен 2012-2013 жылы туылған 150-ге жуық бала қатысты.

Жыл сайынғы «AR Сup 2022» турнирінің өтуіне Айсұлтан Рахаттың достары мен футбол қауымдастығы мұрындық болды. «AR Сup» алғашқы тартысты турнирі былтыр да Нұр-Сұлтандағы Астана Аренада өткен еді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен жылы турнирге елордалық балалар командалары қатысты, ал биыл қатысушылардың географиясы кеңейе түсті. Турнирді халықаралық деңгейде өткізу жоспарда бар.

«AR Сup 2022» турнирінің мақсат-міндеті – өскелең ұрпақ арасында футболды дамыту, дәріптеу, бұқаралық спортты және салауатты өмір салтын насихаттау, Қазақстанның футбол орталықтары мен спорт мектептері арасындағы достық байланыс пен ынтымақтастықты нығайту.