Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

"Бас жүлде 30 млн теңге": Қазақстанда тұңғыш рет республикалық ат марафон-бәйгесі өтетін болды

Бүгін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев елімізде «Ұлы Дала Жорығы» атты тұңғыш республикалық ат марафон-бәйгесінің өтуі туралы видеоүндеу жасады.

"Бас жүлде 30 млн теңге": Қазақстанда тұңғыш рет республикалық ат марафон-бәйгесі өтетін болды
Фото: ашық дереккөзден

Оның айтуынша, «Ұлы Дала Жорығы» – еліміздің 6 өңірін (Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) қамтитын тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы және The Great Steppe Tour, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорларының ұйымдастыруымен өтетін болды.

Әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бұл шара «Ұлы Даланы мекендеген көшпенді халықтың мұрасы ретінде шабандоз мәдениетін Қазақстан бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады» деген сенімге ие. Ең бастысы, марафонның отандық туризм мен ұлттық спорт саласын дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз.

Жобаның мақсаты – Қазақстанмен тікелей байланысты танымал бренд құру және ұлттық мәдениетті халықаралық аренада ілгерілету, жастарды ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеуге баулу, спорттағы шеберлік пен төзімділік құндылықтарын дарыту, - делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен, 17 қыркүйекте елордадағы «Қазанат» ипподромында 100 шабандоздың қатысуымен марафонның салтанатты ашылуы болады. Ал 18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтпек.

Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Оған еліміздің әрбір өңірінен 1 командадан қатысады.

Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы мен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасауға мүмкіндік туады, - деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі.

Бұл ретте соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде – «Ұлы Дала Сарбазы» атағы мен 30 млн теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. 2 және 3-орын иегерлері сәйкесінше 20 млн және 15 млн теңге жүлделерімен марапатталады.

Жарыс барысында барлық қатысушылар демалыс орындары, азық-түлікпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, БАҚ өкілдері үшін марафон аясында арнайы «Ұлы Дала Жаршысы» көшпенділер пресс-туры өткізіледі. Іріктеуден өткен 10 қатысушы марафонның бағыты бойынша жүріп өтіп, Ұлы Даланың мәдени тұрмысына қанығады. Орталық және оңтүстік Қазақстанның географиясы, экономикасы, топонимикасы, т.б туралы құнды ақпарат ала алады.

Айта кетсек, жүлде қоры демеушілердің есебінен тағайындалған.

Қосымша ақпаратты www.qazanat.kz сайтынан көруге болады. Ал баспасөз өкілдерімен байланыс нөмірлері:

+7 775 540 0250 Гүлбиғаш Омар,
+7 775 359 6066 Арман Мускенов.