"Сарбаздарыңызды құрбандыққа шалып жатырсыз ба?": ақын министрге шүйлікті

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мырза, сарбаздарыңызды апта сайын 1-ден, 2-ден айдаһарға құрбандыққа атап жатырсыз ба? Тіпті бұл жолы "ақшаның көзіне қарамай" дегендей адамның құнына қарамай 3 сарбазды бірақ "аттыңыз" ғой бір аптада?!

"Сарбаздарыңызды құрбандыққа шалып жатырсыз ба?": ақын министрге шүйлікті
коллаж: Paryz.kz

Сіз министр болғалы 8 ай толып, 9 айға аяқ басты. Өзегіне құрт түсіп, өз Елі түгілі өз жанымен қайғы болып кеткен министрлікке түбегейлі реформа жасап тастамасаңыз да, тым болмағанда кісі өлімін тоқтататындай шаралар жасауға болар еді ғой. Әлде, "ұнамаса көшіп кет" деп, әрі қарай да бетті қалыңға салып отыра бересіз бе?

Көшеден қуып жүріп ұстап алып, әскерге әкеткендегі тындыратындарыңыз аш-жалаңаш ұрып-соғып, одан қалды үйінен, туған-туысынан ақша сұратып, ол аз болғандай өлтіріп, ұлын күтіп отырған үйге мәйітін апарып беру ме? Әскери тәртіп қайда? Тәлім қайда? Тәрбие қайда? Одан да сол көшеде өз нандарын өздері тауып жеп, аман-сау жүре берсін. Тиіспеңіздер!

Қан қақсаған қара халық баяғы! Министрлердің, депутаттардың, шенеунік, әкімдердің де балалары дәл осы әскер қатарында жүр ме, әлде? Оған қатты күмәнім бар! Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ,-деп өз балаларыңыздың қарны тоқ, ұйқысы тыныш жалғанды жалпағынан басып жүргесін де, бейбіт күнде мезгілсіз қаза болған ұлының табытын құшақтаған ананың зарын қайдан ұғасыздар сіздер?!

Елге жау шапқанда, жерін қорғамаққа қолына қару алып, жанкештілікпен, ерлікпен, батырлықпен қаза болған ұлдың анасында арман жоқ. Ал, ақша үшін, атақ үшін әлімжеттіктің құрбаны болу - айтуға да ұят масқара!

Аналарды зарлата бермей, бұл масқараны тоқтатыңыз! Біз ұлдарымызды Отаны үшін тудық, ақшаға құныққан оңбағандар үшін емес! Табанға салып езе бермей, ел басына күн туса етігімен су кешетін ер қылып тәрбиелеңіздер! Құдай оның бетін әрі қылсын, ертең ел іргесі сөгіліп, жұрт шетіне жау келсе, арқа сүйерлеріңіз осылар! Соған лайықты сарбаз дайындаңыздар!

Өз қолдарыңмен қырып болатын болдыңдар ғой тегі!

Ақын Айгүл Жұмаділдің facebook парақшасынан