Жаңаөзенде 19 тамызда орыс тілі пәні мұғалімдері қала әкімдігі ғимараты алдына жиналды. Олар оқу-ағарту министрлігі енгізген өзгерістерге қарсы екенін жеткізді, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Министрлік енгізген өзгерістерге сәйкес, мектептерде орыс тілі сабағында оқушылар енді екі топқа бөлінбейді. Сыныпта қанша оқушы болса да, сабақты барлығы бірге өтеді.
Жаңаөзен қаласы білім бөлімінің басшысы Ысқақ Құлатайдың айтуынша, өңірдегі мұғалімдер аптасына 16 сағаттан алады, ешкімнің штаты қысқармайды.
«Жаңаөзенде айқай шығарсақ мәселеміз шешіледі деген қағида қалыптасқан. 3 тамызда стандарт қабылданды. Соған сәйкес, бір сыныпта 24 бала болса, оны екі топқа бөлмей, бірге оқытады. Мұғалімдер сағат саны азайып қалғанын айтады. «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, аптадағы жүктеме 16 сағатты құрайды. Қазақ тілі пәні мұғалімі аптасына 16 сағат алып, 24 баланы оқытып отыр. Орыс тілі мұғалімдеріне не кедергі? Бастысы 16 сағат қысқармаса болды емес пе?», - дейді білім бөлімінің басшысы.
Айтуынша, Жаңаөзенде 15 қалалық және 9 ауылдық мектеп бар. Ол жерде 206 мұғалім орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Бұған дейін сыныптарды екіге бөліп оқытқан, ол кезде орыс тілі пәні мұғалімі жетпеген. Кей мұғалім 30, 40 сағатпен жұмыс істеген.
«Жаңаөзенге қарайтын 4 ауылда 9 мектеп бар. Сол ауылдағы кей мұғалімге 11-12 сағаттан беріліп, сағат жетпей жатыр. Олар жұмыс істейтін мектептің директорларына тапсырма беріліп, тарифтеу кезінде сағат санын 16-ға толтыру туралы айтылды. Сағат жетпей қалған мұғалімдерді педагог-ұйымдастырушы, әлеуметтік педагог сияқты лауазымға ауыстыруды ұсындық. Бұл тапсырма бойынша жұмыс басталды», - дейді бөлім басшысы.
Ауылдағы 7 мектепте мұғалімдерге сағат жетпейді, ал қала мектептерінде бос орын бар.
«Қалада орналасқан мектептерде артық сағат бар. Яғни, вакансия ашық тұр. Енді ауылда жұмыс істейтін мұғалімдерге қалада жұмыс істеуді ұсындық. Бұл ауылдар Жаңаөзен қаласына өте жақын орналасқан. Сондықтан қатынау бойынша мәселе туындамауы керек. Қазір қаладан ауылға, ауылдан қалаға барып жұмыс істеп жүргендер бар. Бұл вакансияларға да жібереміз. Негізгі жұмысын ауылдағы мектепте қалдырып, қосымша ретінде қаладағы мектептен сағат беріледі», - дейді Құлатай.
Оның сөзінше, бұл өзгерістер мұғалімдердің жалақысына қатты әсер етпейді.
«Мұғалімдер жалақысы қатты төмендемейді. Педагогикалық санаты бойынша, магистр дәрежесінің болуына қарай жалақы алады. (...) Бүгін 206 мұғаліммен жүзбе-жүз кездестік. Олар министрге ұсыныс тастайық деп отыр. Әрбір орган ұсыныс айтуға құқылы, бірақ тиісті 16 сағат берілсе, жұмыстан ешкім қысқармаса, қандай ұсыныс айтатыны логикаға сыймайды», - дейді Ысқақ Құлатай.
Бөлім басшысының айтуынша, өңірде жас мамандар 200 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Санатына сәйкес, 400 мың теңге жалақы алатын мұғалімдер де бар.