Әлеуметтік желіде Зимбабведен келген әскери қызметкерлердің биі түсірілген видео тарап жатыр.
Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, әскерилер Қазақстанға халықаралық армия ойындарына қатысу үшін келген. Видеода әскери базаның мәдени-демалыс орталығында өткен концерттен үзінді көрсетілген.
Концерт "Артиллериядан оқ ату шеберлері" конкурсы аясында өтті.
"Конкурс 13 мен 23 тамыз аралығында Жамбыл облысы "Гвардейский" полигонында өтіп жатыр. Биыл жарыстарға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Зимбабве, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Мали, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қарулы күштерінің өкілдері қатысуда", - деп түсіндірді ведомство.
Бұған дейін қазақстандық мергендер мен артиллеристер "АрХО-2022" конкурсында көш бастап тұрғаны хабарланған еді.
Осы жылы республика аумағында үш конкурс өткізіледі: "Артиллериядан оқ ату шеберлері", "Меридиан" және "Тактикалық мерген". Соңғы екеуін Қазақстан алғаш рет қабылдап отыр.
Үш конкурста қатысушы елдерден барлығы 26 команда бақ сынайды.