Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Новомихайловское елді мекеніндегі шағын орталық азық-түлік бағасының күрт қымбаттауына байланысты бүлдіршіндерді тамақтандыра алмай отыр, деп хабарлайды Paryz.kz КазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мамлют ауданы Новомихайловка елді мекеніндегі «Арай» шағын орталығы бүлдіршіндерді тамақтандыру мәселесі жақын арада шешілмесе, жұмыс кестесін екі есе қысқартуға мәжбүр. Мектепке дейінгі мекеменің азық-түлік қоры бітуге таяу. Тауарды жеткізуге тиіс жергілікті кәсіпкер онымен бір жылға келісім жасалғанымен, міндеттемесін орындаудан бас тартқан. Азық-түліктің күрт қымбаттауына байланысты ол енді пайда емес, шығын көріп отыр.
Елді мекен тұрғыны Ольга Комиссарованың айтуынша, бірер күн бұрын оларға шағын орталықтың тек түске дейін ғана жұмыс істейтіні хабарланған. Басты себеп – балаларға беретін тамақ жоқ. Ал бүлдіршіндер түске дейін шыдауы үшін үйден таңғы астарын ішкізіп әкелуге кеңес берілген.
«Балаларымызды қайда жібереміз. Бәрімізде жұмыс кешке дейін. Ал жұмысты тастасам, орнымнан айырыламын. Күйеуімнің еңбекақысы отбасыны асырауға жетпейді. Бұл тек менің басымдағы ғана жағдай емес», - дейді ауыл тұрғыны.
Бүгінде «Арай» шағын орталығына түрлі жастағы 18 бүлдіршін барады. Ай сайынғы төлем – 14 мың теңге. Мәселені шешудің бір жолы – төлемақыны өсіру.
Мәселеге аудандық білім бөлімі мамандары да қанық. Проблеманы жақын арада шешу үшін азық-түлікті жеткізушімен қосымша келісімшарт жасалмақ. Оған дейін жергілікті шаруашылық бүлдіршіндерді тамақтандыруды өз мойнына алды.