Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Атырау мұнай өңдеу зауытының табиғатты ластап жатқаны белгілі болды

Зауыт тарапынан сарқынды су құрамында мұнай өнімдері мен биологиялық шламның ағып жатқаны тіркелді.

Атырау мұнай өңдеу зауытының табиғатты ластап жатқаны белгілі болды
фото: egemen.kz

Атырау мұнай өңдеу зауыты әкімішілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлады baq.kz.

Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары – мемлекеттік бас экология инспекторы Сырым Тілегеновтің мәліметінше, биылғы 1 қарашада Атырау мұнай өңдеу зауытының сарқынды сулар каналына биологиялық шламдар мен мұнай өнімдерін ағызып жібергені анықталған. Департамент мамандары қоғам белсенділерімен бірге Атырау қаласының экологиялық ахуалына мониторинг жүргізіп, зауыт тарапынан сарқынды су құрамында мұнай өнімдері мен биологиялық шламның ағып жатқанын тіркеген.

"Департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі мамандары ағып жатқан сарқынды судан сынама алды. Мұнай өңдеу зауытына жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Сынамаға алынған су құрамында жобалық құжаттамада белгіленген эмиссияның нормадан асу фактілері анықталды. Атап айтқанда, темір және құрғақ қалдықтар 1,5 есе, сульфат 2,5 есе, азот амоний 5 есе, мұнай өнімдері 6 есе және өлшеулі заттар 628 есе болған. Аталған жайттың орын алуы сарқынды суды биологиялық тазалау қондырғысындағы ауытқумен байланысты болып отыр. "АМӨЗ" ЖШС ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 325, 328 және 331-бабын бұзды", - деді Сырым Тілегенов.

Оның айтуынша, ҚР Экологиялық Кодексінің 130-бабы, 2-тармағының 6-тармақшасына сәйкес, табиғат пайдаланушы экологиялық заңнаманы бұзу фактiлерi туралы қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Бірақ, департаментке хабарлама түспеуіне байланысты, "АМӨЗ" ЖШС-не ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 325-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалған.

"Экологиялық Кодексінің 118-бабына сәйкес, мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар экологиялық заңнама талаптары бұзылған кезде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi бар фактiлер бойынша құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Осыған орай, тексеріс материалдары жинақталып, Полиция департаментіне жолданды. Сол себептен, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 328, 331-баптарымен қарастырылған әкімшілік істер қозғалған жоқ. Полиция департаментінен "АМӨЗ" ЖШС-нің іс-әрекетінде қылмыстық жаза белгілері жоқ деп, материалдар қайтарылған жағдайда "АМӨЗ" ЖШС әкімшілік жазаға тартылатын болады", - деді Сырым Тілегенов.