29 және 37 жастағы екеудің психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталды.
Алматы облысында психикалық ауытқулары бар ағайындылар қаңғыбас иттер мен мысықтарды азаптаумен айналысқан, деп хабарлады Polisia.kz.
14 қараша күні Талғар ауданының полиция бөліміне Панфилов кентінің 23 жастағы тұрғыны хабарласып, аталған ауылда белгісіз біреулердің қаңғыбас иттер мен мысықтарды айуандықпен азаптап өлтіргені туралы айтқан. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, бір тәулік ішінде Талғар ауданы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ағайынды екі тұрғынды ұстады.
Тексеру барысында оншақты ит пен мысықты азаптап өлтірген 29 және 37 жастағы екеудің психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 316-бабының 2-бөлігі («Жануарларға қатыгездік жасау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда күдіктілерді психиатриялық ауруханаға орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр.