Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Қорқытқан ғой қинап!": Ағаділдің өліміне күдіктінің анасы көптен көмек сұрады

"Оның үстіне, төбелес болған жерде бейнебақылау камералары бар. Бірақ камера дәл сол күні істемей қалады да, ертесі күні істеп кетеді. Бұл қалай?" - дейді ол.

#Өтінем#мен ешқашан біреуден бір тиын сурамаи осы баламды 1пенсияммен өсірып едім.Өмірде осындаи сыңақ ауыр жаныма батты...

Опубликовано Инабат Абдиевой Воскресенье, 15 ноября 2020 г.
"Қорқытқан ғой қинап!": Ағаділдің өліміне күдіктінің анасы көптен көмек сұрады
фото: qamshy.kz

Азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділдің елордадағы жаппай төбелес салдарынан қаза табуына күдікті ретінде ұсталған, 1999 жылғы Өміржан Рахмет әлі қамауда отыр. Ал оның анасы, І топтағы мүгедек Инабат Абдиева баласының еш кінәсі жоқ екенін, оған әлдекімдер жала жауып отырғанын айтуда, деп жазды paryz.kz.

Инабат Абдиева бүгін Facebook-тегі парақшасына көпшіліктен көмек сұраған жазба жариялады.

"Өтінем, мен ешқашан біреуден бір тиын сұрамай, осы баламды пенсияммен өсіріп едім. Өмірде осындай сынақ ауыр, жаныма батты. Бұлай боларымды ойламаппын. Балама адвокат жалдадым. Жұмысына кірісіп те кетті, екі күн болды. Қазағымнан көмек сұраймын. Қанша болса да маған берсеңіздер. Өтінем, балам үшін осындайға барып отырмын", - деп зар илеген ол, банкомат карточкасының нөмірін де жазып қойды.

Айтуынша, құқық қорғаушы оның баласының оқиғаға қатысы жоқ екенін дәлелдеп шығу үшін 1 миллион теңге сұрапты. "Менің одан басқа, оның да менен басқа ешкімі жоқ", - дейді шарасыз әйел.

Ал баласының қылмысты неге өз мойнына алғанын сұраған Қайыркелді Құлбаев атты желі қолданушыға: "Қорқытқан ғой қинап. Ол білмейді кім тыққанын (пышақты, - ред.). Ешкім көрмеген. Оны жоғарыдан профессионалдар істеген, ясно солай", - деп жауап берді, өз ұлын жамандыққа қимай.

Сондай-ақ, Салтанат Жулдиева есімді кісі: "Менттар қалай тез тапты адам өлтірген кісіні? Олар адамды кағып кеткен шоферды немесе үй тонаған кісіні таба алмайтындар. Жылдап жүріп әзер табатын. Мында тез тауыпты. Әлде халықтың аузын жабу үшін бір жертваны тауып алды ма? Конечно тірегі жоқ, жалғыз түйір анасы бар слабый баланы жазықсыздан-жазықсыз соттайын деп жатыр. Біздің Қазақстанда әділдік жоқ, күннен-күнге көзім жетіп отыр", - деп "біраз жерге барып қалды".

Осы орайда, оған жауап берген Инабат Абдиева да: "Сол, ұстап, сразу 2 сағатта видео шығара салды. Без следствие, без доказательство, без улик видео признательное", - деп, баласының бұрын-соңды полиция кеңсесінің есігін ашып көрмегенін айтып отыр.

Инабат Абдиеваның айтуынша, оның ұлын түн ортасында өзін алып кетуді өтініп, оқиға болған жерге досы "алдап-сулап" шақырып алған көрінеді. Соған орай, Мая Қалтайқызы деген желі қолданушы: "Сол шақырған знакомыйы шықсын, халыққа айтсын, "мен оны шақырып едім, ол баланың қатысы жоқ, ол жерде мен болғанмын, мынадай-мынадай оқиға болды, көрдім" деп. Шынымен сіз айтқандай болса, шығып, дәлелдерін келтіріп айту керек еді. Видео түсіргендер кімдер, соларды табыңыздар! Әлі де кеш емес. Дәлел керек, дәлел", - деген кеңес берді.

Сонымен, айыпталушының анасы тілшілерге телефон арқылы сұхбат берген. Айтуынша, ұлы Өміржан Рахметті 11 қарашада үйде отырған жерінен Азамат есімді танысы шақырып алыпты. Енді полицияға жеткізілген соң оқиғаның мән-жайын жазғанда, ол бар кінәні Өміржанға артып, сол пышақтады деп нақақтан жала жаба салған көрінеді. "Ол баланың (Азаматтың - ред.) осы күнге дейін полицияға бірнеше рет түскенін кейін білдік", – дейді Qamshy.kz-ке сұхбат берген Инабат Абдиева.

"Тергеу жүріп жатыр дейді. Егер тергеу аяқталмаған болса, баламның видеосын неге шығарды? Полициядан сұрасам, "біз шығарған жоқпыз, өздері шығарған шығар" дейді. Осындай жауап бола ма? Оның үстіне, төбелес болған жерде бейнебақылау камералары бар. Бірақ камера дәл сол күні істемей қалады да, ертесі күні істеп кетеді. Бұл қалай? Төбелес болған орынға жақын жерде күзетші болыпты. Енді соны қазір таппай жүр екен. Мен Азамат деген бала тергеу абақтысында Tik-Tok түсіріп жүр дегенді естідім. Ол "условно" алып шығып кетем деп емін-еркін жүрген көрінеді", – депті одан әрі, күдіктінің күйінген анасы. Әйтеуір, осы істің түбінде бір "шикілік" бар екеніне сенімді.