"Ұлттық тестілеу орталығының" директоры Руслан Емелбаев мектеп бітірген түлектерге тестілеу кезінде қандай заттарды қолдануға болмайтынын тағы бір еске салды, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К-ға сілтеме жасап.
"Ұялы телефон, жасырын камера, микроқұлаққаптар, қағаз шпаргалка — бұл ҰБТ-ны оңай тапсырғысы келетін талапкерлердің жиі пайдаланатын құралдары. Биыл 18-ші рет өтіп жатқан ҰБТ-ның алғашқы аптасында 22 талапкер тестілеуге кіргізу кезінде, тағы 21-і тестілеу барысында тыйым салынған заттарды қолдануға тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды", — деп жазды ол өзінің Instagram-дағы парақшасында.
Ереже бұзған талапкердің бірі өзімен бірге кіргізген дәруменнің сыртына тест сұрақтарын жазып, аудиториядан шығармақ болған. Оның бұл әрекетін бақылаушылар байқап қалған.
Руслан Емелбаев тестілеудің барлық процесі бақылаушылардың назарында екенін ескертті. Сондай-ақ, ол тестіленушілерден тапсырманы не оның үзіндісін аудиториядан шығарамын деп үміттенбеуін сұрады.
Еңбек әрқашан ақталады. ҰБТ-ға жақсылап дайындалып, тек өз біліміңізге сенсеңіз, Сізді болашақ жарқын өміріңізде жақсы марапат күтетін болады. Себебі білім — ең маңызды аспап,
— деді Руслан Емелбаев .