Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Қорғаныс министрлігі елбасы ашқан қоймаларды сот арқылы сүргізіп тастамақ

Логистикалық кешеннің құрылысына кезінде Алматы әкімдігі 4 жарым млрд теңге құйған. Бұл – Қазақстандағы жалғыз халықаралық нормамен түрлі тауар, дәрі-дәрмек пен азық-түлік сақтайтын нысан.

Қорғаныс министрлігі елбасы ашқан қоймаларды сот арқылы сүргізіп тастамақ

Қорғаныс министрлігі Алматыдағы ең ірі логистикалық кешенінің жерін даулауда. Министрлік бұл аумақтың 1940 жылдары әскери бөлімді орналастыру үшін бөлінгенін негізге алып, сотқа жүгінген екен. Шешім де әскерилердің пайдасына шығыпты, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Енді 7 жыл бұрын елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі телекөпір арқылы ашқан қоймалар сүрілуі тиіс. Ал мыңнан астам адамы жұмыссыз қалайын деп тұр. Логистикалық кешеннің құрылысына кезінде Алматы әкімдігі 4 жарым млрд теңге құйған. Бұл – Қазақстандағы жалғыз халықаралық нормамен түрлі тауар, дәрі-дәрмек пен азық-түлік сақтайтын нысан.

"Бұны алып тастаса біздің күніміз не болады? Қалай жан бағамыз? Компания арқылы біз бала-шағамызды бағып отырмыз ғой енді. Нанымызды тауып отырмыз. Бізді жұмысқа алмайды ғой. Жұмыс жоқ қазір", - дейді жұмысшы Майгүл Диханбаева.

Логистикалық орталық жабылса оған балама ретінде дайын тұрған басқа жер де жоқ екен. Кешеннің қоймалары А, В және С санатына бөлінген. Аумағы 45 мың шаршы метрден асады. Айта кететіні, онда Алматының дүкендері, дәріханаларына жөнелтілетін азық-түлік, тауар мен дәрі-дәрмектің 70 пайыз қоры сақталады. Ал компания басшылығы сотта ұтылғанымен, әзір үмітін үзгісі жоқ.

"Қорғаныс министрлігі бұл жер біздікі деп өз құқығын 80 жылдан кейін бір-ақ айтып жатыр. Оларға сол кезде 477 гектар жер бөлініпті. Бірақ, әлі күнге дейін нақты шекара белгіленбеген. Осы құжат негізінде олар сотта жеңді. Мынадай пандемия кезіндегі қиын уақытта бұлайша кешенді сүре салу қиянат қой", - дейді компания директоры Әсел Сергенова.

Кешен жанында Қорғаныс министрлігінің әуе базасы орналасқан. Ұшып-қонуға нысан кедергі деген қорытындыға келгесін, әскерилер сотқа жүгінген екен.

"Арыз-шағым бойынша бірнеше рет сот шешімі шықты. Дегенмен, 27 шілдеде Алматы қалалық соты жауап берушілерге 3 ай мерзімде жерді босатуды және құрылысты бұзуды міндеттеп, нақты шешімін шығарды", - дейді Қорғаныс министрлігі Заң департаментінің бөлім бастығы Әлжан Ахматуллин.

Министрлік өз дегенінен қайтпақ емес. Ал әкімдіктің миллиардтары құйылған нысан бастарына үйірілген қара бұлттың сейілеріне сенгісі келеді. Бірақ, әзір бұл жағдайға биліктен баға беріп, араласқан ешкім жоқ.