Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Гүленші Қайрат Жолдыбай Тазабектерді ұйымға тартқанмен, ақидаға тарта алмайды" - Талғат Рысқұлбек

"Жалпы гүленші сияқты сектаға кеткісі келетіндерге айтарым: Бір топты басқа топтан үстем деген сылтаумен араларыңдағы анттарыңды бұзып, жібін мықтап иіргеннен кейін тарқатқан қатын құсаған болмаңдар", - деп "қатты қапаланып" отыр ол.

"Гүленші Қайрат Жолдыбай Тазабектерді ұйымға тартқанмен, ақидаға тарта алмайды" - Талғат Рысқұлбек
фото: facebook.com

Бұрыннан сәләфизм ағымындағылардың сапына қатар қойылып, жиі сыналып жүргендердің бірі Талғат Рысқұлбек Facebook-тегі парақшасына Мұхамеджан Тазабекке реніш білдірген жазба қалдырды, деп жазды paryz.kz.

"Мұхамеджан Тазабекке типа шарт қойыпты... Яғни, Қайрат Жолдыбай: "қасыңдағы жолдастарыңды да Матруди қыл, сонда күмәніміз сейіледі", - деп айтатын "жөні" бар-ақ. Өйткені, бұл сектант, гүленші Қайрат Жолдыбай өзінің саяси қозғалыс ұйымында екенін осы көзқарасымен-ақ білдіріп отыр. Ұйымға адам тартуға болар, бірақ, ақидаға адам тарта алмайтынынан бейхабар бұл бейшара. Дегенмен, бұл гүленші мақұлыққа қарағанда, ҚМДБ-ның Сансызбай, Серік Ораз, т.б. имамдары жүректерді бұрушы Бір Аллаһ екенін біледі. Білгеннен соң да оның сандырағына қосыла қоймас деп ойлаймын. Қосылса да, мен үшін екі қойың – бір сом!" - деп "аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып", өз-өзімен жұлынып отыр жазба авторы.

Сондай-ақ, ол "Досыңды көрсет, кім екеніңді айтайын" деген тәмсілді негізге ала отырып, Мұхамеджан Тазабектің қасындағылардың да соның "ақидасында" екеніне күмән келтіріп отырған жоқ.

"Әлде, типа "қазақи білімді дінтанушы" Жолдыбай, ата-бабамыздың бұл сөзінде күмәнің бар ма? Так ышто, оған несіне "терлейсің", онсыз да шешіліп қойған мәселе емес пе деймін де. Десек те, Мұхамеджанның "досы" болмасам да, мен сияқтылардың көзқарасы: Матрудисің бе, сотрудниксің бе, маған екі қойың – бір сом. Раббым – Аллаһ! Дінім – Ислам! Пайғамбарым – Мұхаммед, Оған Аллаһтың Игілігі мен Сәлемі болсын деп бес уақытта бес намаз, біреуі қаза қалмасқа деп жүргенім әлдеқайда мен үшін дұрыс деп ойлаймын", - дейді Талғат Рысқұлбек.

Еске сала кетсек, Мұхамеджан Тазабек өзі араласып жүрген салафизмнің жат ағым екенін түсініп, Матруди ақидасын мойындағанын мәлімдеген еді. Сол сәтте дінтанушы Қайрат Жолдыбай: "Жаңа ақидаң құтты болсын, Мұхаммеджан бауырым! Кейбір азаматтар Мұхаммеджан бауырымның жаңа ақидасына қатысты “бұл да көзбояшылық, тақиялық тәсіл" деп күмәнмен қарап жатыр екен. Күмәндары орынды. Осы тұста Мұхаммеджан бауырыма бұл күдікті кетірудің оп-оңай жолын айтайын. Айналаңдағы тығыз қарым-қатынаста жүрген сәлафи ақидасындағы адамдарды өзің жиырма жылға жуық уақыттан кейін дұрыстығына әбден көз жеткізген Мәтуруди ақидасына қайтару үшін тер төгіп, аянбай еңбек етсең, бәрі өз қалпына келеді. Әсіресе, өзіңіздің неліктен мәтурудилікке қайтқаныңызды, сәлафилік ақидадағы өмірлік тарихыңызды айтсаңыз, әсерлі болатындығында күмән жоқ.

Бұған сіздің шешен тіліңіз де, ақыл-парасат, әдіс-тәсіліңіз де жетеді деп ойлаймын. Солардың бір-бірлеп мәтуруди ақидасына қайтқаны жайлы хабарды естіген сайын қазақ қоғамы қуанышқа бөленіп, өзіңе көл-көсір алғысын жаудырар еді. Оның үстіне кезінде сәлефилікке өтуіне өзіңіз ат салысқан адасқан жандарды тура жолға салу үшін аянбай еңбек етуіңіз ең әуелі бұл діни де, адами да парызың" деп жазды өзінің facebook-тегі парақшасында.

Сонымен қатар, ол Мұхамеджанға артынан еріп, адасқан жұрттың да ақидасын өзгерту керек екенін айтқан.

"Таухидті ұстанамыз дейтін сәләфи жолындағы жігіттердің айтып жүргені – таза секта" деп өзіңіз баға берген, шатасқан ағайындарды жинап немесе бір-бірлеп арнайы ұмраға, қажылыққа апарайық. Қайрат Құрманбай, Ерсін Әміре, Еркінбек Шоқай, Бауыржан Әлиұлы сынды білімді азаматтарды бірге апарып, адасқандардың ақидасын өзгертейік. Осылай жасасаңыз ғана сөз бен іс үйлеседі де, қоғамда ешбір күмәнға орын қалмайды. Жұрт не десе де, шынайылық түбінде жеңіске жетеді. Бұл ұсынысымды есіңізде болса, 2013 жылы Әзірет Сұлтан мешітіне келіп, "Қайреке, елге бірге қызмет жасайық" деген кезіңізде өзіңізге "шарт" ретінде де айтқан болатынмын", – деп атап өткен-ді дінтанушы.

Ал Талғат Рысқұлбек болса, "Жалпы гүленші сияқты сектаға кеткісі келетіндерге айтарым: Бір топты басқа топтан үстем деген сылтаумен араларыңдағы анттарыңды бұзып, жібін мықтап иіргеннен кейін тарқатқан қатын құсаған болмаңдар. "Шын мәнінде Аллаһ сендерді осымен сынайды. Сондай-ақ дүниеде қайшылыққа түскен нәрселеріңді қиямет күні сендерге ашықтайды, - деп Ән-Нахл сүресінің 92-аятын келтіріп, Мұхамеджан Тазабектің сәләфизммен "қош айтысқанына" ренішін білдіріп, "қатты қапаланып" отыр.