Жауап алу кезінде ол қоймаға талай рет кіргенін, алайда, күзетшілердің оған назар аудармағанын айтты.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің Сарыарқа аудандық полиция басқармасына "Қазпошта" АҚ қоймасынан сәлем-сауқаттардың ұрланып жүргені туралы шағым келіп түсті, деп хабарлады paryz.kz, елорданың ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жедел-іздеу шараларын жүргізу барысында қылмысты жасады деген күдікке ілінген азамат анықталып, ұсталды. Ол елорданың бұрын сотталған 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Жауап алу кезінде ол қоймаға талай рет кіргенін, алайда, күзетшілердің оған назар аудармағанын айтты.
Сонда ол қойма бөлмесіне еш кедергісіз кіріп, одан үш сәлемдемені ұрлаған. Ол сәлемдеменің екеуін жасырып, ішінде Тойота Камри автокөлігінің қосалқы бөлшектері жатқан үшінші сәлемдемені бейтаныс біреуге сатқан. Табылған сәлемдемелер "Қазпошта" АҚ-на қайтарылды. Аталған фактімен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен ("Ұрлық") сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.