Сенат заң қабылдады: Қазақстанда өлім жазасы қолданылмайды

Бұдан бөлек, өлім жазасы түсінігі, оны қолдану шарты, мораторий кезіндегі талаптар туралы арнайы бап та күшін жояды.   

Сенат заң қабылдады: Қазақстанда өлім жазасы қолданылмайды
фото: ашық дереккөз

Сенат өлім жазасын жою туралы заңды қабылдады деп хабарлайды Paryz.kzStan.kz-ке сілтеме жасап. 

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 11-бабынан өлім жазасы алынып тасталады. Бұдан бөлек, өлім жазасы түсінігі, оны қолдану шарты, мораторий кезіндегі талаптар туралы арнайы бап та күшін жояды.   

Енді ең қатаң жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру болады. Ал өлім жазасы алмастырылғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынады. Осылайша Қазақстан өлім жазасынан толығымен бас тартады, - деді Шындалиев Сенаттың жалпы отырысында.

Ал халықаралық хаттама бойынша өлім жазасын алып тастағаннан кейін оны қайта қалпына келтіруге болмайды.

Заң жобасын қабылдау арқылы Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні нық сақтайтын мемлекет екенін көрсетеді. Сонымен қатар еліміз өлім жазасынан бас тартқан 106 мемлекеттің қатарына кіреді, - деп атап өтті Шындалиев.

Сенат депутаттары заңды бірауыздан қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберді.

Айта кетері, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өлім жазасына қатысты қылмыстық заңнама нормаларын халықаралық хаттамамен үйлестіруді тапсырған болатын. Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында өлім жазасын толығымен алып тастау қажеттігін айтты.