Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

Кеңес Рақышев боксшыларға қомақты сыйақы беретінін мәлімдеді

"Қазақстан әлемнің қуатты елдері қатарында болды және әркез бола береді!" – деп мәлімдеді федерация.

Кеңес Рақышев боксшыларға қомақты сыйақы беретінін мәлімдеді
фото: chel.pro

Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев әлем біріншілігінің чемпиондары мен жүлдегерлеріне өз атынан қосымша сыйақы береді. Спортшылар алған жүлделі орнына қарай 70, 50 және 30 мың доллардан алады деп хабарлады Paryz.kz, федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елге оралған біздің боксшыларға қомақты ақшалай сертификат табысталады: бірінші орын үшін – 70 мың АҚШ доллары, екінші – 50 мың, үшінші – 30 мың. Отандық боксшыларға қолдау білдірейік! Қазақстан әлемнің қуатты елдері қатарында болды және әркез бола береді! – деп мәлімдеді федерация.

Сонымен қатар спортшылар АІВА тарапынан берілетін 100, 50 және 25 мың АҚШ доллары көлеміндегі кепілдендірілген жүлде қорын да алады.

Қазақ боксшылары Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионатында бес медаль жеңіп алды. Финалдың бірінші күнінде-ақ біздің спортшылардың қоржынында алтын, күміс және қола жүлде болды.

Еске салсақ, қазақ боксшылары 2021 жылғы әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс және бір қола жүлде жеңіп алды. Әлем чемпионатының  қорытындысы бойынша бас бапкер Қайрат Сәтжановтың жетекшілігімен команда жалпы жүлде кестесінде екінші орынды иеленді.

Біріншіліктің алтын медалін Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Сәкен Бибосынов (51 кг), күміс – Махмұд Сабырхан (54 кг) мен Серік Теміржанов (57 кг), қола – Абылайхан Жүсіпов (67 кг) жеңіп алды.