Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қытай коронавирустың зертханадан шыққаны туралы болжамды тексеруден бас тартты

Екінші саты аясында халықаралық зерттеушілерге Ухань қаласындағы зертхана мен базарларға кіруге рұқсат берілуі керек болған. Олар вирус зертханадан тараған деген болжамды тексермек. 

Қытай коронавирустың зертханадан шыққаны туралы болжамды тексеруден бас тартты
фото: ашық дереккөз

Қытай коронавирустың қайдан шыққанын зерттеудің екінші сатысы бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДСҰ) әріптестік жасаудан бас тартты. Бұл туралы "Азаттық радиосы" Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

"Екінші сатының жоспары ақылға сыймайды және ғылымға қарсы" деген Қытайдың Гигиена және денсаулық сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік комитеттің төраға орынбасары Цзень Исинь.

Екінші саты аясында халықаралық зерттеушілерге Ухань қаласындағы зертхана мен базарларға кіруге рұқсат берілуі керек болған. Олар вирус зертханадан тараған деген болжамды тексермек.

Пекин мұндай болжамды теріске шығарып, коронавирус Қытайға тоңазытылған азық-түліктермен шетелден алып келінген деген болжамды тексеруді ұсынып келеді. ДДСҰ зерттеуінің бірінші сатысында Пекин көпке дейін ұйым мамандарын елге кіргізбей, олар сұраған құжатты бермей келген.

Ухань қаласында коронавирустарды зерттеу бойынша әлемдегі ең ірі орталықтардың бірі орналасқан. Қалада COVID-19 вирусына ұқсас деп есептелетін пневмонияның SARS үлгісі зерттеліп келеді.

Мамыр айында The Wall Street Journal газеті америкалық арнайы қызметтің құпия баяндамасына сілтеме жасап, Қытайдың Вирусология институтында жұмыс істеген үш ғалым коронавирус туралы алғашқы ақпарат шыққан кезде (2019 жылы қарашада) қатты ауырғанын жазған. COVID-19 вирусын жұқтырған алғашқы науқас зертхана қызметкері болғанын Fox телеарнасы 2020 жылы сәуір айында хабарлаған.

Бұдан бөлек Қытай пандемия туралы мәліметті ұзақ уақыт жасырды деп айыпталып келеді.