АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен Сауд Арабиясында кездесіп, Украина мәселесін талқылайды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Трамп пен Путиннің Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мүмкіндігін талқылайтын жеке кездесуі Сауд Арабиясында өтеді. Ресей президентімен болған телефон әңгімесінен кейін Трамп Ақ үйде журналистерге осылай деп мәлімдеген.
«Біз Сауд Арабиясында кездесеміз», - деп келтірді AFP агенттігі АҚШ президентінің сөзін.
Сондай-ақ Трамп журналистерге берген сұхбатында Украинаның НАТО-ға қосылуын ойға қонымды деп санамайтынын, ал Киевтің Ресейдің бақылауға өткен барлық аумағын кері қайтарып алуы екіталай екенін айтқан.
Бұған дейін Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен болатын. АҚШ президенті Украинадағы соғысты тоқтатуды көздейтінін сайлау науқаны барысында бірнеше рет мәлімдеген.