АҚШ президенті Джо Байден Калифорния штатындағы алапат өртке байланысты Италияға бармайтын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьерге сілтеме жасап.
Байден бұған дейін штатта табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарымен күресу және зардап шеккендерге федералды көмекті жеделдету үшін апат режимін жариялаған болатын.
«Біз Оңтүстік Калифорниядағы өртті тоқтатып, жағдайды қалыпқа келтіру үшін қажет нәрсенің бәрін жасауға дайынбыз. Бірақ бұл өте ұзақ жол болатынын білеміз. Федералды үкімет қажет болғанша осында қалады», - деді Байден.
Оған дейін президент Калифорния губернаторынан ақпарат алу үшін Лос-Анджелеске келіп, Вашингтонға оралғаннан кейін шетелдік соңғы сапарынан бас тартуға шешім қабылдады.
Айта кетейік, Байден 9 қаңтарда Италияға ұшуы керек еді. Оның үш күндік сапары кезінде ел президенті Серджио Маттарелламен және премьер-министр Джорджа Мелонимен кездесуі жоспарланған болатын.