Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Мәскеуде арнайы жасақпен төбелескен жігітті Рамзан Қадыров іздеп жатыр (ВИДЕО)

Құқық қорғаушы Светлана Ганнушкина жігіт кінәсін мойындап, "Шешенстан билігінің айтқанын істесе, жазаланбайтынын" айтады.

Мәскеуде арнайы жасақпен төбелескен жігітті Рамзан Қадыров іздеп жатыр (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Мемдума депутаты, Рамзан Қадыровтың кеңесшісі Адам Делимханов Алексей Навальныйды қолдау акциясы кезінде сарбаздармен төбелескен шешен жігітіне үндеу жасады, деп хабарлады tengrinews.kz"Кавказский узел"-ге сілтеме жасап.

23 қаңтарда Мәскеуде шешен жігіті ерекше мақсаттағы милиция жасағымен төбелесіп қалған болатын. Видео әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Видеода жігіт құлап түскен кезде сарбаздардың оны резеңке шоқпармен ұрып жатқаны, ал митингке келгендердің құтқарып қалмақ болғаны көрінеді. 

Делимханов Instagram желісіндегі парақшасында үндеу жасады. Ол жігітті оппозициялық көзқарастан бас тартса, Қадыров заңға қатысты мәселесін шешіп беретінін айтқан. 

"Бәріңіз әлеуметтік желіде шешен жігіті мемлекеттік қызметкерлерге қол көтергенін көрген боларсыздар. Сенің жасағаның - қылмыс. Себебі Навальный секілді "еркек еркекке үйлене алады" дейтін адамдар сәйкес келмейді және сәйкес келмеген де. Сенің әкеңмен сөйлестік. Егер сен оппозицияны қабылдамай, батырлық, шешен, мұсылман позициясын ұстансаң, маған дайректке жазып, менімен және достарыммен байланысқа шығасың", - дейді Делимханов.

Депутаттың сөзінше, жігіт ММУ-де (МГУ) оқиды және оның тобындағы адамдарға түсіндіру жұмысы жүргізілген. 

"Олар сені жақсы жігіт дейді. Әкең сен ол адамдардың (митингке шыққандардың) позициясын қолдамайтыныңды айтады", - дейді депутат. 

Оның айтуынша, жігіт оппозиция позициясын ұстанса, "соңына дейін баруы керек".  

"Сенімен, сол позицияны ұстанатындармен өзімізді қалай ұстау керегін білеміз. Бірақ егер сен олардың позициясын мойындамасаң, Рамзан-қажы (Қадыров) заңға қатысты мәселеңді шешіп беретінін айтты", - дейді Делимханов. 

Депутат митингіге шыққандарды "шайтан" деп атады. 

"Митингіге шыққандар "еркек еркекке үйлене алатыны" туралы заңды қолдап отыр. Бұл заң олардың көңілінен шығады және олар заң мемлекетте қабылданғанын қалайды. Бізге ондай адамдар лайық емес. Ондай нәрсе ешқашан болмайды деп үміттенемін", - деді депутат. 

Заңгер Александр Караваевтың сөзінше, жігіттің кінәсі дәлелденсе, ол 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Ал құқық қорғаушы Светлана Ганнушкина жігіт кінәсін мойындап, "Шешенстан билігінің айтқанын істесе, жазаланбайтынын" айтады.

"Подъем" басылымының мәліметінше, Шешенстанның 20 жастағы тумасы Сайд-Мухаммад Джумаев жасаған ісіне өкінетінін айтып, кінәсін мойындаған екен. Бұл туралы Адам Делимхановтың көмекшісі Татьяна Лазина айтты. Оның сөзінше, Джумаевтың отбасы балаларының полицеймен төбелескені үшін өкінетінін айтқан. Олардың сөзінше, Сайд-Мухаммад Навальныйды қолдамайды және заңсыз митингте кездейсоқ болған. 

Одан бөлек, Лазина депутат Адам Делимхановтың үндеуіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, Джумаев заң бұзғандықтан, әңгіме заң жағынан көмек туралы болған. Ал Сайд-Мухаммад Джумаевтың өзі шешенстандық билікпен әлі байланыспаған. Оны полиция іздестіріп жатыр.