Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ресейдегі шеру билікке қарсы наразылықтардың ең ірісі болды (ВИДЕО)

23 қаңтар күні Ресейдің 111 қаласында 3296 адам ұсталған. Оның 1294-і - Мәскеуде және 489-ы - Санкт-Петербургте.

Ресейдегі шеру билікке қарсы наразылықтардың ең ірісі болды (ВИДЕО)

Кеше Ресейдің көптеген қаласында Кремль сыншысы Алексей Навальныйды босатуды талап еткен митингілер өтті. Полиция жасағы бейбіт шерушілерді аяусыз жаншыды. Шерулер тізбегі кейінгі жылдардағы билікке қарсы ең ірі наразылық саналып отыр, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Reuters агенттігінің бағалауынша, Мәскеуде наразылыққа 40 мыңнан астам адам шыққан. Ал Ресей билігі бар болғаны 4 мыңға жуық адам қатысты деп отыр. AFP агенттігі арнайы жасақ пен шерушілер арасында өрескел қақтығыс болғанын хабарлады.

Осы орайда, Мәскеу орталығында Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальнаяны, саясаткердің серігі Любовь Собольді ұстап әкетті.

"ОФД-Инфо" басылымының мәліметінше, 23 қаңтар күні Ресейдің 111 қаласында 3296 адам ұсталған. Оның 1294-і - Мәскеуде және 489-ы - Санкт-Петербургте. Ал халықаралық Amnesty International ұйымы Ресей полициясының шерушілерді жаппай ұстап әкетуін айыптады.

"Ресей билігі бейбіт шерушілерге қарсы репрессия жүргізіп отыр. Біздің бүгін көргеніміз мұны растады. Полиция бейбіт жиын өткізуге деген құқыққа кепіл болу міндетін елеусіз қалдырып, оның орнына наразыларды ұрып-соғып, ұстап әкетіп жатты", - деді ұйымның Ресей бойынша директоры Наталья Звягина.

Бейбіт шерушілерге қатыгездік танытып, оларды ұстап әкетуді Вашингтон мен Брюссель де сынға алды. АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Нед Прайс Навальныйдың қамауға алынуы мен оның жақтастарының жаншылуы "азаматтық қоғам мен басты еркіндіктерге төнген шектеулердің күшейгенін көрсетеді" деді. Прайс Ресей билігін ұсталған адамдардың бәрін босатуға шақырып, АҚШ-тың Навальныйды тез арада ешқандай шартсыз босатуд талап ететінін қайталады.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель де Ресей билігінің реакциясына алаңдаушылық білдірді.

"Мен жаппай ұстап әкетуді, күшті әсіре қолдануды, интернет пен телефон байланысын өшіруді айыптаймын. Дүйсенбі күні Еуроодақ сыртқы істер министрлерімен келесі қадамдарды талқылаймыз" деп жазды ол Twitter-де.

Ресейдегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, қамауға алынғандарды дереу босатуды талап еткендер қатарында Канада да бар.

Митингтер ауа температурасы өте төмен Қиыр Шығыс пен Сібірдегі Хабаровск, Владивосток, Новосибирск секілді қалалардан басталды. Мәскеу мен Санкт-Петербургте митингтер басталмас бұрын "МБХ Медиа" басылымы Қиыр Шығыс пен Сібірде наразылыққа 15 мыңнан астам адам шықты деп хабарлады. Хабаровскіде полицияның ұсталғандарды ұрып-соққаны туралы ақпар тарады. Twitter-де жарияланған видеода арнайы жасақтың шерушілерге шабуылдап, кейбірін сойылмен соққаны көрінеді.

Якутскіде адамдар наразылыққа ауа температурасы -50 градус болып, қатты жел тұрғанына қарамастан шықты.

Азаттықтың Татар-башқұр қызметі Ресейдің құрамындағы Башқұртстан астанасы Уфа қаласында билікке қарсы наразылыққа 3 мыңға жуық адамның шыққанын хабарлады. Полиция шерушілерді ұстап әкетті. Қамауға алынғандардың қатарында "Эхо Москвы" басылымының бас редакторы Руслан Валиев пен Навальныйдың Уфадағы штабын басқаратын Лилия Чанысева бар.

Ауа температурасы -30 градус болған Екатеринбургте полиция жасағы мен шерушілер арасында қақтығыс болған. Twitter-де жарияланған видеода Навальныйды босатуды талап еткен шерушілердің полицейлерге қар лақтырғаны көрінеді.

Митингілер қарсаңында Ресей билігі Навальныйдың 65 қаладағы жақтастарын ұстап әкетіп, әлеуметтік желі әкімшілерінен "рұқсат етілмеген митингілерге шақыратын" жазбаларды өшіруді талап етті.

"Кремль митингтің алдын алу жөніндегі ессіз науқанымен өз аяғына оқ атты" деді "Настоящее время" телеарнасына Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қорының (ФБК) координаторы Леонид Волков.

"Егер 23 қаңтардағы шеру жылдам нәтижеге, яғни Алексей Навальныйдың босатылуына әкелмесе, мұндай акциялардың тағы да өте беретініне сенімдімін", - дейді ол.

Билік кейінгі күндері Навальный жақтастарын ұстап әкетіп, тінтіп, оларға деген қысымды күшейтті. Кремль одан да қатты шара қолданатынын меңзеді. Бірақ Навальный командасы биліктің наразылыққа шықпау туралы ескертулерін елемеуге шақырды. Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш ресейліктерді митингіге шақырғаны үшін 9 тәулікке қамалды.

Халықты көшеге шығып, наразылық білдіруге Алексей Навальныйдың өзі шақырған. Ол мұны 18 қаңтар күні Мәскеу полициясы кеңсесінде өткен сот отырысы алдында айтты. Содан бір күн бұрын ол Германиядан Мәскеуге оралып, әуежайдың кедендік бақылау бекетінен өтер кезде полиция қамауына алынған. Өткен жылдың тамыз айында Томскіден Мәскеуге бара жатып, есінен танған Навальный кейінгі 5 айда Германияда емделген. Ресми Берлин Навальныйдың химиялық қару саналатын "Новичок" уымен уланғанын мәлімдеді. Ал саясаткердің өзі мұны тек Ресей президенті Путин ғана ұйымдастыра алады деді.

Желтоқсан айында Ресей жазаны атқару федералдық қызметі Навальныйдан дереу оралуды талап етіп, әйтпесе қамалатынын айтқан. Қаңтардың ортасына қарай Кремль сыншысы Навальный 17 қаңтар күні Мәскеуге "Победа" әуе компаниясының рейсімен оралатынын мәлімдеді. Оппозициялық саясаткердің жақтастары оны ұшақ қонады деген "Внуково" әуежайынан күтіп алғысы келген. Бірақ Ресей билігі алдымен әуежайды қоршауға алып, саясаткер жақтастарының әуежайға келуіне тыйым салды. Осыдан кейін қонар сәт таяғанда ұшақты Мәскеудің өзге әуежайы "Шереметьевоға" бұрған.

Навальныйдың қамауға алынуын көптеген ел мен халықаралық ұйым айыптады. Ал Amnesty International оны "ар-ұждан тұтқыны" деп танып, Мәскеуден босатуды талап етті.

Навальный жақтастары қоғамда оппозиционердің қамауға алынуына наразылықтың күшейіп келе жатқанын айтады. Сарапшылар Ресей президенті Владимир Путиннің 44 жастағы заңгер Навальныйдан қатты қауіптенетінін жеткізді.

18 қаңтар күні өткен сот отырысында судья Навальныйды 30 күнге қамау туралы үкім шығарды. Осы мерзім ішінде саясаткердің шартты жазасын қамауға ауыстыру мәселесі қаралады.