Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Жаңа заң: енді Ресей азаматтарын "шетел агенті" деп тануға болады

"Шетел агенті" ретінде тіркелуден жалтарудың жазасы – айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Жаңа заң: енді Ресей азаматтарын "шетел агенті" деп тануға болады
фото: memohrc.org

Ресей президенті Владимир Путин Парламенттен өткен бірқатар заңға қол қойды. Бұл заңдар жаңа тыйымдар енгізіп, бұрыннан барын күшейте түсті, деп хабарлады Азаттық радиосы.

Қол қойылған құжаттардың қатарында Ресей азаматтарын "шетел агенті" деп тануға мүмкіндік беретін заң да бар. Құжат құқықтық ақпарат жөніндегі интернет-порталда жарияланып қойды, демек заң күшіне енді.

Бұл заңға сәйкес, саяси іспен айналысатын немесе "әскер, әскери-техникалық қызмет саласындағы деректі мақсатты түрде жинайтын", қызметі үшін шетелден қаржы алатын адамдарды "шетел агенті» деп тануға болады.

Құжатқа қарағанда, саяси іс ретінде митингілер мен сайлау кезіндегі бақылауды ұйымдастыру, партия қызметіне араласу, жария түрде заңды өзгертуге шақыру, шенеуніктердің қызметі жөнінде "пікір тарату" меңзеледі. Жаңа заң осы критерийге сай келетін адамдарды өзін "шетел агенттері" тізіміне қосу туралы өтініш беруге міндеттейді. Сонымен қатар тіркелмеген ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді де "шетел агенті" деп тануға болады.

Заң талабын бұзу алдымен әкімшілік, одан кейін қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Путин қол қойған құжаттардың ішінде қылмыстық жауапкершілік туралы заң да бар. "Шетел агенті" ретінде тіркелуден жалтарудың жазасы – айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Бұл заң 2021 жылдың 1 наурызынан бастап күшіне енеді.

Ресейде бұл заң күшіне енгенге дейін-ақ жеке тұлғаларды "шетел агенті" деп тануға болатын. Ол үшін оларды баспасөз құралдарына теңейтін. Ал екі күн бұрын "Шетелдік баспасөз агенттері" тізіміне алғашқы 5 азамат кірді. Олардың арасында құқық қорғаушы Лев Пономарев пен журналистер бар.

Сондай-ақ, Путин Ресей баспасөз құралдарына қарсы цензура үшін деп шетелдік әлеуметтік желілерді бұғаттауға жол беретін заңға да қол қойды. Бұдан былай Бас прокурор Сыртқы істер министрлігімен келісе отырып ақпараттық құралға "Ресей бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы дискриминацияға жол берді" деген мәртебе тағайындай алады. Заң YouTube, Twitter және Facebook секілді платформаларды қамтуы ықтимал.