Әндіжанда полиция Бабыр саябағының кіреберісі маңында өзін-өзі өртеп жіберді делінген үндістандық азаматтың өлімін тергеп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz агенттігі Gazeta.uz-ге сілтеме жасап.
Облыстық прокуратура мәліметінше, 9 мамырда 37 жастағы ер адам Әндіжан мемлекеттік медицина институтының студентіне тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасаған. Оның 21 жастағы ғашығы да Үндістан азаматы. Алайда қыз оның ұсынысынан бас тартқан.
«Бойжеткеннің оң жауабын ала алмаған ер адам Үндістаннан келген өзге студенттерге өмірге қызығушылығының жоғалғанын айтқан. Ер адамның институт маңындағы қонақүйде тұрғаны айтылады. Прокуратура өкілдері шетелдіктің Бабыр атындағы саябаққа кіреберіс тұсында өзін белгісіз сұйықтықпен өртеп жіберіп, сол жерде қайтыс болғанын хабарлады», - делінген хабарламада.
Сот-медициналық, сот-химиялық және сот-биологиялық сараптамалар тағайындалды. Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 103-бабының 1-бөлігі (Қорқыту, қатыгездік таныту немесе адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін жүйелі түрде қорлау арқылы өзін-өзі өлтіруге итермелеу немесе өзін-өзі өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.