Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Ғасыр трагедиясы: Түркияда тігілген қазақ үйлерге зілзаладан жапа шеккен ел сыймай жатыр

Түркиядағы зілзалада баспанасынан айырылған ел қазақ елінің атынан тігілген үйлерге сыймай жатыр. Тіптен жергілікті жұрт басшылардың киіз үйлерге туыс, таныстарын орналастырып жатқанын айтып шағымданды. Түркия билігі елден жеткізілген жүзден астам үйге жарық тартып, интернет желісін орнатып, жылумен де қамтамасыз етіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ғасыр трагедиясы: Түркияда тігілген қазақ үйлерге зілзаладан жапа шеккен ел сыймай жатыр
Фото: Азаттық рухы

Түркияның оңтүстік-шығыс аймағы үйінділерге, қирандыларға толы. Ел билігі жер сілкінісінен қираған аймақтарға әлі де мыңдаған киіз үйдің керек екенін айтып отыр.

«Үйіміз қирап қалды. Әпкем екеуіміз балалармен қараусыз қалдық. Маған енді жұмысқа шық деп жатыр. Жұмысым осы жаққа жақын. Баратын жеріміз жоқ. Қала басшылығы үйлерді өздерінің туыстары мен таныстарына бөліп берді. Бізге жетпей жатыр», - деді Кахраманмараш қаласының тұрғыны Фатиме Юдже.

Дүмпіген жер қаланы жермен жексен етіп, мыңдаған адамның жанын қиды. Баласын, немересін, жарын, жолдасын жоғалтқан жұртта жазылмас жан жара, өле өлгенше бітпес мәңгі сағыныш, қайғы мен мұң қалды. Ал бұл киіз үйлер қалың елдің ауыр қайғысын бөліскісі келген қазақ жұртының осындағы көңілі, ықыласындай тұра бермек. Қандай жағдай басқа түссе де, уық пен шаңырақтай екі елдің бірлігі ажырамайды дегенді білдіреді.

«Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен халыққа тамақ, киім-кешек таратылып жатыр. Қала үкен. Халық тығыз орналасқан. Жер сілкінісінен қаланың жартысына жуығы қирап, көптеген ғимараттар жарамсыз болып қалған. Ерікті топ осы жаққа асығып жеттік. Қыс мезгілінде жылусыз жерде тұрсақ та жылаған елге жылу сыйлап, қол ұшын бергіміз келді. Бұл апат түркиялықтарды ғана емес, күллі түркі жұртын, түркі әлемін біріктірді. Халық ауыр қайғыны үнсіз көтеріп, шыдамдылық танытып жатыр. Теңізге тамған тамшыдай болса да шамамыз келгенше қол ұшын бердік. Мұндай ауыр апатты адам дұшпанына да тілемейді», - деді ерікті Тимур Спатаев.

Елдің атынан барған ерікті топ құрбан болған марқұмдардың әруағына құран бағыштап, құрбандық шалды. Қамкөңіл халыққа ас берді. Жер сілкінісінде барынан айырылып, суықта жұтаған жұртқа бірнеше тонна жылы киім таратты. Тұрмыста тұтынатын қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қолғабыс етті. Ұлттық паркте орын тепкен үйлерді құрысуға Түркиядағы қазақтар да аянбай ат салысты. Әйелдер жағы ас-су дайындап, ерлері тонналаған киім-кешекті таратуға, үйлерді тігуге күндіз-түні көмектесті.

«Бұл үйлерде түркиялық ағайындар тұрады. Жетім-жесірлер, көмекке мұқтаж жандарға табыстап береміз. Табиғаты жақсы, айналасы орман, таза ауада орналасқан. Моральдық жағынан қиналған ел осында шаршауын басып, өмірге деген құлшыныстарын қалпына келтіреді деп сенеміз. Біз көмек көрсетуді мұнымен тоқтатпаймыз. Әлі де қолдан келгенше жалғастырамыз. Түркиялық бауырларымыздың басына түскен қиындық бәрімізді бей-жай қалдырмайды. Халық әлі күнге дейін есі шығып, қорқып қалған. Барлық дүниесінен ғана емес, ет жақындарынан айырылған», - деді ерікті топтың жетекшісі Дастан Жұмабай.

Кахраманмараштың таулы етегінде орналасқан Ұлттық паркте барлығы 200-ге жуық киіз үй бар. Олардың жартысына жуығын Қырғызстан билігі әкеліп құрған. Осыған дейін көшенің бойында, қиранды үйлердің қасында от жағып, палаткіде әупірімдеп күн көрген қала жұрты паркке ағылып жатыр. Уақытша қоныстану аймағында жергілікті еріктілер тамақ дайындап, елге дәрігерлік көмек те көрсетеді. 

«Бес немерем бар. Екі келінім, төрт ұлым бар. Таратып жатқан киімдерден өзіме жылы күртеше алдым. Аяқ киім де керек. Барлығымызға киім керек. Қиын сәтте көмекке келген қазақтарға алғысымызды айтамыз», - деді қарт зейнеткердің бірі.

«Он адамбыз. Осы үйлердің бірінде кемінде екі ай тұрамыз. Мұндай қиын сәттерде қасымыздан табылғаны үшін көмектескен жандарға алғысымызды білдіреміз. Жер сілкінісінен соң төрт күн бойы машинаға қондық, одан кейін көшеде шатыр тігіп жаттық. Екі күн бір туысқанымыздың үйін паналадық. Сосын бүгін осында келдік», - деді Кахраманмараш қаласының тұрғыны Селчук Ава.   

Зілзаланың эпицентрі болған Қаһарманмараш қаласындағы қазақ үйлерге ел айлап емес, жылдап тұра бермек. Айта кету керек, қазақ халқының атынан тігілген үйлерді Алматыдан Түркияға жеткізу беруге Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы тікелей ат салысты. Ал Түркия билігі баспанасыз қалған халықты орналастыру үшін  киіз үйлердің әлі бірнеше мыңы керек екенін мәлімдеді.