Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

«Соғысқа дайындала бергеніміз абзал» – Сайын Борбасов

Батыс дипломаттары мен саясаткерлері Ресей тарапынан Қазақстанға төнген қатер туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше мәрте ескерткен көрінеді, деп жазады paryz.kz ақпараттық агенттігі nege.kz сайтына сілтеме жасап. 

«Соғысқа дайындала бергеніміз абзал» – Сайын Борбасов
Фото: ашық дереккөзі

АҚШ және Еуропалық одақтың пікірінше, Ресейдің келесі құрбандығы қазақ жері болмақ. Бұл туралы «Нурсултанский соловей» телеграм арнасы хабарлады.

Батыс сарапшылардың пайымдауынша, агрессия жасауға екі сылтау бар. Біріншісі, «Қазақстанның солтүстігі мен шығысы – тарихи тұрғыдан Ресейдің жері». Екіншісі, «Қазақстан ҰҚШҰ шеңберіндегі және екіжақты келісімдер бойынша міндеттемелерін орындамады».

Батыс мамандарының болжамынша, Ресей әскері басып кірсе, Қазақстанның әскери қарсылық көрсетуге қауқары жоқ. Әне-міне дегенше ақ жалау көтеріп, жан сауға сұрауға мәжбүр болады. АҚШ елдің батысындағы ірі мұнай компанияларының мүддесін қорғау үшін жанжалға араласады. Соның өзінде Қазақстанның шекарасы қазағы қалың оңтүстік аймақтармен ғана шектелуі ғажап емес.

Батыс дипломаттарының ескертпесімен қоса, Тоқаевтың берген жауабы да жария болды. Президент «Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы жақсы екенін», «Путиннің сөздеріне сенетінін» айтқан. Ол екі ел арасындағы шекарада әскердің жоқ екенін алға тартып, «Ресей Қазақстанға агрессия жасамайды» деп пікір білдірген.

«Мұндай ұстамдылықтың қаншалықты негізді екенін уақыт көрсетер. Бірақ маусым айында Санк-Петерборда өткен халықаралық экономикалық форумда «ДНР» мен «ЛНР» квазимемлекеттік аймақтарды жария түрде танудан бас тартқаннан кейін Кремльдің Тоқаевқа өкпесі қара қазандай екені анық. Бұл аймақтарда референдум жариялаған соң Ресей үгіт-насихатшыларының тарапынан теріс пікірлер легі күшейе түспек», – деп түйіндейді аталмыш телеграм арнасы.

Бұл мәселеге қатысты тәуелсіз сарапшылар мынадай пікір білдірді:

Сайын Борбасов, саясаттанушы: Соғысқа дайындала бергеніміз абзал

– Президенттердің арасында мұндай мәселелердің айтылуы әбден мүмкін. Екеуара оңаша айтылған нәрселер көпшілікке жария бола бермейді. Батыс елдерінің Кремльден нақты ақпарат алып отыратын адамдары бар. Тіпті, Ресей әскерінің Украинаға қашан басып кіретін дәл айтқан да – Батыс.

Өз басым, Ресей Украина шекарасына әскерін әкеліп, тек қорқытып-үркітер, бірақ басып кірмес деп ойлаған едім. Бәрі керісінше болып шықты. Бір анық нәрсе, Путиннің сөздеріне әсте сенуге болмайды. Бауырлас ел Украинаны қырғынға ұшыратып отырғанда, қазақтарды кім деп есептейді?

Қазақстанға әскермен басып кіруі әбден мүмкін. Сондықтан біз соғысқа дайындала бергеніміз абзал. Әскерді барынша күшейту қажет. Бес қаруымызды қазірден сайлап алғанымыз жөн. Бұдан бөлек, жастарға қазірден бастап соғыс өнерін үйретуіміз керек. Тіпті, қыз балаларға дейін. Қол қусырып қарап отырсақ, жерімізге көз алартқан дұшпанға төтеп бере алмаймыз.

Арман Шораев, қоғам қайраткері: Путинге жеңіл жеңіс керек болады

– Бұл телеграм арнасы – Ақорданың сөзін сөйлеп, бұйрығын орындап жүрген ақпарат көзі. Сондықтан бұл ақордалық сарапшылардың ойлап тапқан нәрсесі.

Украина тек қана өзінің ғана емес, біздің де болашағымыз үшін шайқасып жүр. Ресейдің әлі жетпей жатыр. Сондықтан Қазақстанға кіре алмайды. Әзірге.  Жақын арада Украинада таяқ жеп, жақын арада қашып кетуге мәжбүр болса, халқының ашуын басу үшін Путинге жеңіл жеңіс керек болады. Сондықтан Қазақстанға анекция жасауы ғажап емес.

Қазыбек Бейсебаев, саясаттанушы: Жүгеніміз солардың қолында тұрғанда, әскер кіргізудің не қажеттілігі бар?

– Әрине, Қазақстанның бір бөлігін басып алуға Ресейдің мүмкіндігі бар. Әскери тұрғыдан бізді басып алу оңай. Бірақ бұл оларға керек пе? Қазақстанның дүкендерінде толып тұрған қай елдің тауарлары? Ресейдікі! Бұл экономикалық тұрғыдан Ресейдің бір бөлшегі екенімізді көрсетеді. Жүгеніміз солардың қолында тұрғанда, әскер кіргізудің не қажеттілігі бар?

Украинаның жөні бөлек. Оны алса, Қара теңізге шығады, жері өте құнарлы. Ресей Украина үшін Батыспен талас жүргізіп жатыр. Бізде Ресей қызығатындай не бар? Айталық, Ресейдің Ставрополь өлкесі бидайды бізден көп өндіреді.

Батыстың ескертуіне келсек, бұл – үлкен геосаяси ойын. Бірақ біз Ресей мен Қытайдың арасындағы мемлекет ретінде қала береміз.