Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Елімізде 16 мыңға жуық еңбек мигранты жұмыс істеп жүр

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді.

Елімізде 16 мыңға жуық еңбек мигранты жұмыс істеп жүр
фото: 24.kz

Жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша қазір Қазақстан аумағында 15 832 шетелдік азамат еңбек етуде, деп хабарлады paryz.kz, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 658 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 430 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Олар – тиісінше 7 302 және 1 058 адам.

Сондай-ақ, маусымдық жұмыстарға 1 728 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде 1 656 адам тартылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1770 жұмыс беруші бар. Оларда 455 мыңға жуық Қазақстан азаматы жұмыс істейді десек, бұл – жалпы жұмысшылар санының 96%-ы.

Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер: Қытай – 3459 адам, Өзбекстан – 1 693 адам, Түркия – 1 621 адам, Үндістан – 1 145 адам, Ұлыбритания – 1 038 адам.

Еске сала кетсек, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2020 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,32% немесе 29,3 мың бірлікті құрады.