Прямая трансляция

Астана

Астана

8°C

Қарақалпақстандық белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовқа ауыр айып тағылды

Өңірдегі танымал қоғам белсендісі әрі журналистке билікті басып алмақ болды деген айып тағылып отыр деп жазады Рaryz.kz Оrda.kz сілтеме жасап. 

Қарақалпақстандық белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовқа ауыр айып тағылды
ашық дерек көздерінен

Өзбекстанның конституциялық құрылысына қол сұғушылық ісі бойынша 14 адам жауапқа тартылды. Негізінен ұсталғандар автономияны сақтауды жақтайтын қарақалпақ ұлтының өкілдері. Сонымен қатар Makan.uz сайтының негізін қалаушы Лалагүл Қаллыханова да ұсталды. Ол «қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғу» қылмыстық бабымен күдікке ілінген.

— Атап айтқанда, Д.М.Тәжімұратов пен А.Т.Тұрдановқа Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша айып тағылды. Оларға қатысты сот қаулысымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Л.О.Қаллыханованың әрекетінен  қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыс белгілері анықталды. Ол бұл іске күдікті ретінде тартылып, процессуалдық тәртіпте қамауға алынды, – деп хабарланды Өзбекстан прокуратурасының телеграм-арнасында.

 

Сонымен бірге, Өзбекстан билігі күдіктілерге зорлық-зомбылықсыз, азаптаусыз,  әділеттілікпен қарайтынына уәде беріп отыр.

Еске салайық, Қарақалпақстандағы (Өзбекстан құрамындағы автономиялық республика – ред.) шерулер шілде айының басында басталған болатын. Оған Өзбекстан территориясының 40 пайызын алып жатқан Қарақалпақстанның автономиясы мен егемендігінен бас тартуды көздейтін Өзбекстан Республикасының жаңа Конституция жобасы себеп болды.

Дәулетмұрат Тәжімұратов облыс тұрғындары алдында сөз сөйлеп, түзетулердің қабылдануына жол бермеуге шақырды. Жиыннан кейін қауіпсіздік күштері оның үйіне басып кіріп, белгісіз бағытқа алып кеткен. Жергілікті тұрғындар жаппай шерулерге Тәжімұратовтың ұрлануы себеп болғанын айтады. Расталмаған мәліметтер бойынша, белсенді көрші Хорезм облысында қамауда, ол дене жарақатын алған болуы мүмкін.

Қарақалпақстандағы бағынбаушылық әрекеттері нәтижесінде Ташкенттің мәліметі бойынша 18 адам қаза тапты: оның 14-і бейбіт тұрғын және 4 қауіпсіздік қызметкері. Алайда бейресми мәлімет бойынша қаза тапқандар әлдеқайда көп, жараланғандар саны да жүзге тартады. Қарақалпақстанда наразылық шерулері басталғаннан кейін интернетке кіруге шектеу қойылды, өзбек оппозиционерлерінің айтуынша, жаппай қуғын-сүргін жүріп жатыр.

Бір ауыз сөзбен айтқанда Д.Тәжімұратовқа тағылған айып ауыр. Билікті басып алу, конституциялық құрылымды өзгертуге тырысу деген айыптар белсендіге оңайға түспесі анық.