Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев видеоселекторлық кеңеске қатысып, Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктерді шетелдік зұлым күш ұйымдастырғанын айтты, деп хабарлайды Рaryz.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Әрине, мұнда болған келеңсіз оқиғалар бәрімізді алаңдатады. Нүкіс қаласындағы оқиғалар салдарынан, амал не, тұрғындар қаза тауып, зардап шекті. Осыған байланысты жақындарынан айырылған отбасыларға шын жүректен көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендер тезірек сауығып кетуін тілеймін", – деді Өзбекстан президенті.
Ол осындай сәттерде бейбітшілік пен адам өмірі қаншалықты қымбат екенін түсінетінін айтты.
"Әрине, бұл толқулар бір күн не он күн ішінде ұйымдастырылған жоқ. Бұл әрекеттерді шетелдік зұлым күштер жылдар бойы дайындаған. Олардың негізгі мақсаты – Өзбекстанның аумақтық тұтастығына қол сұғу және ұлтаралық қақтығыс тудыру. Бас прокурордың бірінші орынбасары бастаған тергеу тобы бұл оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. ", – деді Мирзиеев.
Өзбекстан президентінің бұл жауабы Орталық Азия мемлекеттерінің авторитар басшыларына ортақ шаблон сияқты.