Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қырғыздың бірнеше партиясы Жогорку кеңеш сайлауы нәтижесін мойындамады

Дауыс сатып алу, сайлау учаскесінде кандидаттарды насихаттау, дауыс берушілер мен бақылаушыларға қысым көрсету сияқты әрекеттер жиі ұшырасқан.

Қырғыздың бірнеше партиясы Жогорку кеңеш сайлауы нәтижесін мойындамады
фото: ашық дереккөз

29 қарашада түнде "Ата Мекен", "Азаттык", "Улуттар Биримдиги" партиялары баспасөз жиынын өткізіп, Жогорку кеңеш сайлауының нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Олар сайлау қорытындысын жарамсыз деп санауды, Орталық сайлау комиссиясының дауысты автомат есептейтін жүйесіндегі ақауды зерттеуді талап етті деп хабарлайды Paryz.kz, "Азаттық радиосы"-на сілтеме жасап.

Баспасөз жиынын өткізген партиялар билікті "жарамсыз бюллетеньдерді пайдаланды және оппозициялық партияларды парламентке өткізбеу мақсатында бәріне қарсы дауыс бергендер санын көбейтті" деп айыптады.

Партия өкілдерінің сөзінше, бюллетеньді қайта санаған кезде «дауыс саны 20-30 мыңға азайған».

Орталық сайлау комиссясының төрағасы Нұржан Шайылдабекова сайлау жүйесіндегі ақаудың мән-жайын түсіндірді.

"Азаттықтың" Қырғыз қызметінің сұрағына жауап берген ол негізі жүйеде кідіріс болған жоқ деді.

"Сіздер екі кестені бақыладыңыздар. Ішкі жақтағы негізгі кестеге сайлау учаскелерінен ақпарат түседі. Бақылауға ыңғайлы болу үшін тағы бір кестені сыртқа қойдық. Міне осы кестедегі «7» деген позиция аз уақыт «7А» позициясымен қосылып кетті. Сырттағы кесте санақ жүйесіне кірмейді. Ол санақ жүйесін ыңғайлырақ форматта көру үшін ғана сыртқа қойылған, одан еш зиян келмейді", — деді ОСК басшысы.

Оның сөзінше, сайлаудың ақырғы қорытындысы бюллетеньдерді қолмен санаған соң ғана белгілі болады, бірақ әзіргі нәтижеден көп айырмасы болмайды.

Әзіргі мәліметтер бойынша, Жогорку кеңешке қойылған 5 пайыз межеден 6 партия өткен. Олардың басым бөлігі билікті қолдайтын саяси ұйымдар деген ақпарат тараған.

Қарашаның 29-ына кешкі сағат 20-да Қырғызстанда 7-шақырылымдағы Жогорку кеңеш депутаттарына дауыс беру аяқталды.

Сайлауды бақылаған "Клоп медиа" ұйымы кешкі сағат 19:00 шамасында сайлауда 357 заң бұзушылық тіркегенін хабарлады. Дауыс сатып алу, сайлау учаскесінде кандидаттарды насихаттау, дауыс берушілер мен бақылаушыларға қысым көрсету сияқты әрекеттер жиі ұшырасқан.

Қырғызстанда бұл жолғы сайлау аралас жүйе бойынша өтті. Жогорку кеңештің 90 депутатының 54-і – саяси партиялар тізімі бойынша, қалған 36-сы бір мандатты округ бойынша сайланады.