Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Қырғыз МҰҚК жаңа басшысы қылмыстық топтарға қатаң ультиматум қойды

Оның айтуынша, енді ешкім ешкімді "қорғамайды".

Қырғыз МҰҚК жаңа басшысы қылмыстық топтарға қатаң ультиматум қойды
Фото: ia-centr.ru

Қырғыз Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа басшысы Қамшыбек Ташиев елдегі бандитизмге қарсы күрес қатаң түрде жалғасатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, енді ешкім ешкімді "қорғамайды". Бұл туралы АКИргеѕѕ және 24.kg жазды.

"Енді ешкімді ешкім қорғамайды. Құрметті бизнес, өтініш көтеріліңіздер, бізге ақпарат беріңіздер. Біреу біреудің артын жапса немесе қысым жасаса, біз лауазымға қарамастан, бәрін жазалаймыз. Егер Қамшы Көлбаев (қырғыздардың атақты ұрысы) заң бұзса, ол жазаланады, түрмеге отырады", - деді Ташиев 16 қазанда Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында.

Осыған байланысты МҰҚК басшысы қылмыстық топтарға үндеу жасады.

"Құрметті бандиттер, сіздерге аз уақыт беріледі. Заң бойынша өмір сүріңіздер! Болмаса, беріліңіздер немесе елден кетіңіздер. Біздің мемлекет бандиттік немесе сыбайлас жемқорлыққа толы болмайды. Бірде-бір қылмыс әлемінің серкесі екі-үш "Лексусқа" мініп, кортеж жасамауы керек. Енді бандиттер жасырынып, қашып жүреді. Бәрінің алдында ескертемін", - деді Ташиев.

Сондай-ақ, МҰҚК-нің жаңа басшысы шекарада контрабанда болмайды деп уәде берді. Оның айтуынша, Қырғызстандағы барлық келеңсіздік контрабанда мен сыбайлас жемқорлықтан шығады.