Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Nur Otan көпбалалы аналар мен жастарға қолайлы жағдай жасайды

Ақтөбе облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер - Күлпаршын Айдарханова, Бақыт Жаншаева, Жұлдыз Қожабекова тікелей эфирде "Білім ордасы" бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесті.

Nur Otan көпбалалы аналар мен жастарға қолайлы жағдай жасайды
фото: дереккөз

Кездесу барысында үміткерлер Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген негізгі басымдықтарға тоқталып өтті. Мәселен, Бақыт Жаншаева өңірде көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, оларды жұмыспен, баспанамен қамту мәселелерін көтерді.

"Облыстағы азаматтардың әл-ауқаты - әлеуметтік-экономикалық дамудың басты көрсеткіші. Сондықтан Nur Otan партиясы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы сапалы қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы облыс тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға күш салатын болады. Қазіргі таңда елімізде көпбалалы аналар мен мұқтаж отбасыларға көмек көрсету, оларды еңбекке тарту, баспанамен қамту - маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда алдағы бес жылда біздің облыста жалпы ауданы 3,9 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде бюджет қаражатынан 194 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2 мың пәтер пайдалануға беріледі. Мұның барлығы - өңірдегі азаматтардың баспаналы болуына жасалып жатқан мол мүмкіндік. Сондай-ақ облыста тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет сапасын көтеру де партия назарында. Мәселен, алдағы жылдары өңірімізде 15 денсаулық сақтау нысаны, 16 жаңа мектеп, 14 ірі спорт кешені салынады", - деді Б.Жаншаева.

Ал Жұлдыз Қожабекованың айтуынша, өңірде 2025 жылға қарай партия тарапынан жастардың жұмыспен қамтылуына, шығармашылық және іскерлік тұрғыдан өзін-өзі дамытуына жағдай жасалады. Атап айтсақ, алдағы жылдары "7-20-25" бағдарламасы аясында өңірдегі жас отбасылар тұрғын үймен, жұмыспен қамтылып, жастар бастамаларын дамыту мақсатында облыс бойынша 14 орталық жұмыс жасайтын болады.

"Алдағы бес жылда облыста студенттерге арналған 1340 орындық 5 жатақхана салынады. Жыл сайын жастарға жеке ісін ашуға және бизнесін жүргізу үшін облыс әкімінің 20 гранты бөлінеді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектерін жұмысқа орналастыру үшін ірі компаниялармен келісімге қол қою жүзеге асырылмақ", - деді ол.

Бағдарламада көрсетілгендей, алдағы уақытта облыста жыл сайын кемінде 8 мың жас жұмысқа орналастырылып, "Жасыл ел" еңбек жасағын ұйымдастыру арқылы жаз айларында кемінде 1,5 мың жас еңбекке тартылады. Нәтижесінде өңір жастары арасында жұмыссыздық көрсеткіші 3 пайызға дейін төмендейді. Сонымен қатар облыста еріктілер базасы құрылып, волонтерлер саны 2500 адамға артады.

Тікелей эфир барысында облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Күлпаршын Айдарханова педагогтардың мәртебесін көтеру, оқушыларды компьютермен қамту, өңірде балабақшалар санын көбейту, білім сапасын арттыру мәселелеріне тоқталып, биылғы жылы осы салада атқарылған жұмыстарды баяндап берді.

"Қазіргі таңда облысымызда әлі де апатты жағдайда тұрған, сондай-ақ үш ауысымда оқытатын мектептер бар. Бұл оқушылардың сапалы білім мен тәрбие алуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан алдағы жылдары осы мәселелерді шешу үшін өңірде жаңа мектептер салу, оқушыларға сапалы білім беруде оқу процесіне жаңа технологияларды енгізу, мұғалімдердің жалақысын көтеру, оларға жан-жақты қолдау көрсету өте маңызды", - деген үміткер тікелей эфирде "Білім ордасы" бастауыш партия ұйымы мүшелерінің сауалдарына жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады.

Сондай-ақ үміткерлер бағдарлама бағыттарына байланысты сайлаушылармен пікір алмасты.

Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық сайлау қорынан төленді.