Прямая трансляция

Астана

Астана

11°C

Nur Otan: Ақтөбенің барлық ауылы ауыз сумен қамтылады

Алдағы бес жылда Ақтөбе облысының барлық ауылына ауыз су жеткізіледі. Бұл туралы Алға аудандық коммуналдық мекеме қызметкерлерімен онлайн кездескен Nur Otan партиясы атынан Ақтөбе облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Нұрлан Давлетов айтты.

Nur Otan: Ақтөбенің барлық ауылы ауыз сумен қамтылады

Еліміз бойынша Ақтөбеде тұрғындарды су және газбен қамтамасыз ету көрсеткіші жоғары. Nur Otan партиясы сайлауалды бағдарламада бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыруды көздейді. Қазіргі кезде облыстың барлық аудан орталығында көгілдір отын бар. Ал алдағы бес жылда тағы 104 ауыл тұрғыны газ тұтынады. Нәтижесінде өңірдің 800 мың тұрғын, яғни, 68,9 пайызы қамтылады. Ауыз су құбырын тарту көрсеткіші 100% жетеді. 2023 жылға дейін бұл бағыттағы жұмыс толық аяқталады.

"Партия адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жеті басымдықты нақтылады. Экономика басымдығында инвесторларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту жоспары бар. Жыл сайын 21 мың адам жұмыспен қамтылады. Жол бойында жаңа кемпингтер салынып, туризм саласын дамыту мақсатында қонақүйлер бой көтереді. Пәтер кезегінде тұрған адамдардың баспаналы болу мүмкіндігін арттыру үшін бес жылда 3,9 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Аудан, ауыл арасындағы байланысты нығайтып, транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында 2 мың шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтеді. Мұның бәрі бос сөз емес, нақты жоспар, атқарылатын іс. Партия халықтың тұрмыс-тіршілігін одан әрі көтеру үшін алға нақты міндет қойды. Дауыс беріп, қолдауға шақырамын. Халық демеп, сенім артса, алынбайтын қамал жоқ. Біз қиындықты бірге еңсеріп, жеңіске жете аламыз", - деді Нұрлан Давлетов.

Коммуналдық мекеме қызметкерлері Алға ауданындағы тұрғын үй құрылысы, жол салу, ауыз сумен қамтамасыз ету және медицина саласының даму жолын сұрады. Үміткердің айтуынша, алдағы бес жылда Алғада 5 қабатты үш тұрғын үй қолданысқа беріледі. Жыл сайын пәтер кезегінде тұрған мұқтаж отбасыларға 30 пәтер үлестіріледі.

"Халықты баспанамен қамту мәселесі әрдайым өзекті. Кез келген адам жеке үйінің болғанын қалайды. Nur Otan партиясы әр ауданда құрылыс жұмысының жүргізілуін бақылайды. Ал медициналық мекемелердің жұмысына келер болсақ, біз биыл дәрігерлердің ерлігін көрдік. Олар күн-түн демей науқастардың жанында болды, бар біліктілігін ортаға салып, адам жанын арашалап қалды. Алдағы бес жылда Самбай, Маржанбұлақ, Тоқмансай, Қарабұлақ ауылдарында медициналық пункт салынады. Алға қаласындағы орталық аудандық аурухана, Қайнар, Талдысай, Сарықобда, Амангелді ауылдарындағы медициналық пункт күрделі жөндеуден өтеді.  Бұл шаралардың барлығы 2025 жылға қарай адамдардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыруға мүмкіндік береді", - деді үміткер.

Nur Otan партиясы Ақтөбе облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.