Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Белсенділер "әділетсіз сайлауға қарсы" бірігуге шақырып отыр

"Олар бізді таңдау құқығымыз бен мемлекетті басқаруға қатысу құқығымыздан толық айырды. Қолданыстағы Конституцияда "биліктің қайнар көзі - халық" делінгенмен, дәл қазір халық биліктің шынайы көзі болудан қалды", - делінген мәлімдемеде.

Белсенділер "әділетсіз сайлауға қарсы" бірігуге шақырып отыр
Фото: ашық дереккөз

Бүгін ХАҚ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева, белсенділер Димаш Әлжанов, Әлнұр Ильяшев, саясаттанушы Дастан Қадыржанов және құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов ортақ мәлімдеме таратып, сайлау қарсаңында "Азаматтық балама" атты платформа құрғанын хабарлады. Олар "әділетсіз сайлауға қарсы" халықты бірігуге шақырған, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

Ортақ мәлімдемеде авторлар Қазақстанда бірде-бір рет әділ сайлау өтпегенін және қазіргі биліктің тәуелсіз партияларды тіркемей, билікті сынайтын саясаткерлер мен белсенділерді қудалап, "таңдау қалдырмай" жатқанын атап көрсеткен.

"Олар бізді таңдау құқығымыз бен мемлекетті басқаруға қатысу құқығымыздан толық айырды. Қолданыстағы Конституцияда "биліктің қайнар көзі - халық" делінгенмен, дәл қазір халық биліктің шынайы көзі болудан қалды", - делінген мәлімдемеде.

Мәлімдеме авторлары 10 қаңтар күні тұрғындарды сайлау учаскесіне барып, бюллетеньдегі "барлық партияларды сызып тастауға" шақырған. Олар тәуелсіз ұйымдармен бірігіп, сол сызылған дауыстарды санау жүйесін ұйымдастыратынын да айтып отыр.

10 қаңтарға белгіленген сайлаудың "билік сценарийіне сәйкес өтетінін" айтқан азаматтық қоғам өкілдері, белсенділер, саясаткерлер осыған дейін де сайлау күні түрліше қимылдау қажеттігін ұсынған. Шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов жақтастарын 2016 жылғы Мәжіліс сайлауында Парламенттен 7 орын алған "Ақ жол" партиясын қолдап, соған дауыс беруге шақырған. Әбілязовтың айтуынша, осылайша "Нұр Отанның" жеңуіне барынша күш салатын биліктің жаппай дауыс бұрмалауын әшкерелеп, сайлау нәтижесін жарамсыз етіп тануға болады".

Кейбір белсенділер "Нұр Отаннан" өзге кез келген партияға дауыс беруге шақырған. Ал елде өзін "жалғыз оппозициялық партия" деп атайтын, бірақ саяси сарапшылар оның тәуелсіздігіне сенбейтін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сайлауға бойкот жариялауға үндеген.

Қазақстан билігі "сайлау әділ өтпеді" деген халықаралық бақылаушылардың сынын мойындамай келеді.