Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Рыбакина Страсбург турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Страсбург WTA турнирінің ширек финалына шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Рыбакина Страсбург турнирінің ширек финалына шықты
сурет ҚазАқпарат сайтынан

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 52-ракеткасы, франциялық Ализе Корнемен шеберлік байқасты. Қазақстандық теннисші 21-де болса, тәжірибелі қарсыласы 30-да еді. А.Корне биылғы US Open турнирінде сәтті өнер көрсетіп, төртінші айналымына дейін жеткен болатын.

Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасап, сол басымдылығын сақтай алды – 6:3. Екінші сетте қазақстандық спортшы бірден брейкпен алға шықты – 1:0. Дегенмен есеп 5:4 болып, Елена матчқа доп бергенде, бірнеше мүмкіндігін пайдалана алмай, есесіне қарсыласы брейк жасап кетті – 5:5. Тай-брейкте алдымен А.Корне алға кеткенімен, қазақстандық спортшы ақыры кезекті матчболын құр жіберген жоқ – 7:6 (10:8). Кездесу барысында корт иесін көрермендер де жігерлендіріп отырды. Соған қарамастан, Елена шеберлігі басым екенін мойындата білді. Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 49 минутқа созылды. Е.Рыбакина жүлде қоры 225,5 мың еуроға бағаланған жарыстың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 40-ракеткасы, қытайлық Чжан Шуай немесе рейтингте 415-сатыдағы корт иесі Клара Бюрельдің біреуімен таласады.