Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (13-0, 11 КО) соңғы екі жылдағы алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп жазды Sports.kz.
Санта-Инез қаласында өткен бокс кешінде Ахмедов америкалық Антонио Тоддпен (17-10, 9 КО) жұдырықтасты.
Ахмедов үшін бұл тарихи жекпе-жек болды. Ол бұған дейін АҚШ-та кәсіпқой жарысқа қатысқан емес. Жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған болатын. Нәтижесінде қазақстандық бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Осылайша, Кәсіпқой бокста орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Садриддин Ахмедов кәсіпқой мансабындағы он төртінші жеңісіне қол жеткізсе, Антонио Тодд кәсіпқой рингтегі он бірінші рет жеңіліске ұшырады. Бұл Ахмедовтің 2022 жылдың желтоқсанынан бергі бірінші жекпе-жегі екенін айта кеткен жөн.