Прямая трансляция

Астана

Астана

11°C

Бір сәтсіздікке бола, қазақ боксын күресінге лақтыруға болмайды – Әділбек Ниязмбетов

Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақ боксшыларынан ерлер арасында тек бір спортшы финалға шықты, деп хабарлайды Paryz.kz Kazinfom-ға сілтеме жасап.

Бір сәтсіздікке бола, қазақ боксын күресінге лақтыруға болмайды – Әділбек Ниязмбетов
Фото: ҰОК

Қалған боксшыларымыз жарысты ерте аяқтап, көрермендер қатарына қосылды. Осы орайда, бокстан екі дүркін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

- Әділбек, сіз қатарынан екі Олимпиадаға барып, екеуінде де күміс жүлде жеңіп алып келдіңіз. Олимпиада жүлдегері ретінде Парижда жұдырықтасып жатқан боксшыларымыздан Нұрбек Оралбайдан басқасының жарысты ерте аяқтауына не себеп болды деп есептейсіз?

- Парижге барған жігіттеріміз Олимпиадаға өте жоғары деңгейде дайындалып барды деп ойлаймын. Бапкерлер де мықты, тәжірибелі мамандар. Қай-қайсын алып қарсақ та өз салмақтарының үздігі еді. Әлем, Азия ойындарында елге жүлде сыйлап жүрген боксшылар. Бірақ, Парижде жігіттердің бабы шапқанымен, бағы шаппады деп ойлаймын.

- Жігіттеріміз бірінен кейін бірі алғашқы айналымнан ары аспай, жарысты аяқтауына төрешілер кінәлі ме?

- Өз басым төрешілер жағынан бұра тартушылық болды деп есептеймін. Жарысты бастан-аяқ қарап отырмыз. Жігіттердің қай-қайсы да жақсы өнер көрсетті. Тіпті, ұтылды дегеннің өзінде, тең дәрежеде жұдырықтасып жатты. Қарсыластарының да ешқандай артықшылықтарын байқамадым. Жігіттеріміз бар күш-жігерін салды. Боксшыларымыз Париж Олимпиадасына жеңілейін, қыдырып қайтайын деп барған жоқ. Енді финалда Нұрбек Оралбай жұдырықтасады. Оралбайға тақымымызды қысып, жанкүйер болып, жеңіс тілейміз.

- Қазір әлеуметтік желіде «Қазақ боксы тоқырады», «Бапкерлерді ауыстыру керек», «Ұлттық құрамадан анау кету керек, мынау кету керек» деген сияқты әңгімелер желдей есіп жатыр. Сіз бұған не айтар едіңіз...

- Қалай болмасын, қазақ боксшыларын олай көктен алып, жерге салуға болмайды. Осыған дейін талай Олимпиада ойындарында қаншама алтын жүлделерімен елді айдай әлемге паш етті. Ешқандай ойындардан жүлдесіз қалып көрген жоқ. Токиода ғана алтынсыз қалғанымыз болмаса, өзге ойындарда қашан алтынсыз келіп еді. Міне, бұйырса Нұрбек Оралбай да алтын алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан, осындай бір сәтсіздіктерді аласапыран дүниеге айналдырып, қазақ боксын күресінге лақтыра салуға болмайды.