Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде Жанқош Тұраров жапондық қарсыласы Акихиро Кондоны айқын басымдықпен ұтты, деп хабарлайды Paryz.kz Kazinformға сілтеме жасап.
Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында осыған дейінгі барлық айқастарында қарсыластарына есе жіберіп көрмеген отандасымыз Жанқош Тұраров пен 37 рет қарсыласын тізе бүктірген жапондық танымал боксшы Акихиро Кондо IBO World пен WBA Gold World әлем чемпионы белдіктерін сарапқа салды.
Нәтижесінде Тұраров 12 раундқа созылған жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан (118:110, 120:108, 118:110) жеңісті Жанқошқа берді. Ол осылай бірінші жартылай орта салмақтағы IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сәтті қорғап, вакантты WBA Gold титулын жеңіп алды.
Айта кеткен жөн, Жанқош үшінші рет қатарынан желтоқсан айында жылдың қорытынды жекпе-жегін өткізіп келеді. 2021 жылы отандасымыз Абдумонем Саидті жеңсе, 2022 жылдың желтоқсанында бұрынғы әлем чемпионы Луис Энрике Ромероны нокаутқа жіберген болатын.