Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Әлем чемпионатын бағындырған боксшылар Азия ойындарында неліктен жеңіліс тапты

Азия ойындары – 2023 өз мәресіне жеткенімен, көптің көкейінде жауабы жоқ сан сұрақ қалып қойды. Еліміздің ұлттық спорт түріне айналып кеткен боксқа келгенде неліктен біздің былғары қолғап шеберлері шаршы алаңның шаңын жұтып қалды? Кешегі әлем чемпиондарына бүгін не болды? Боксшылардың басынан бағы тайғаны ма? Тізе берсең көп.

Әлем чемпионатын бағындырған боксшылар Азия ойындарында неліктен жеңіліс тапты
Коллаж: Azattyq Ruhy

Қазақстан Бокс федерациясының ресми өкілі Аян Төлегеннің айтуынша, былғары қолғап шеберлерінен федерация да өте көп үміт күткен. Өйткені, спортшылар бірде-бір дайындықты жібермей, өз баптарында болған. 

«Команда бас-аяғы 13 спортшыдан құралды. Ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен әйелдер құрамасының бас бапкері Шамиль Сафиуллиннің алдында жоқ дегенде бір-бір алтыннан алқа тағынамыз және лицензия аламыз деген мақсат тұрды. Бұл жерде лицензия алтыннан да маңызды әрі қымбат. Барлық оқу-жаттығу, дайындық, басқа елдермен бірлесе отырып өтетін жиындар өз мерзімінде өтті. Спортшылар мен жаттықтырушыларға дайындалуға қажетті барлық жағдай жасалды. Бірақ бұның да жеткіліксіз болғанын Азия ойындары дәлелдеп берді», - деді ол.

КАРИНА ИБРАГИМОВАНЫҢ ФИНАЛДАҒЫ ҚАРСЫЛАСЫ «ЕР АДАМ» ДЕГЕН КҮДІК БАР

Өз бабында жүрген боксшыларымыздың бағы да қатар шаппағандығының басты себебі – олардың әділетсіздікке ұшырауында екен.

«Бірнеше жекпе-жекте төрешілер тарапынан келеңсіз әрекеттер байқалды. Қазылар бағасының бізге қарсы қойылуы шешуші рөл атқарды. Мәселен, Карина Ибрагимованың финалдағы қарсыласы «ер адам» деген күдік бар. Дәлірек айтсақ, оның әрекетінен еркекке тән гормондар көбірек байқалған. Каринаның өзі де онымен жұдырықтасу қиынға соққанын баса айтты», – деді ресми өкіл.

AMP

Ташкентте өткен Әлем чемпионаты боксшыларымыз үшін жеңісті де, жемісті болды. Халық дәл сол кезде төбесіне көтерген чемпиондардан бұл жолы да оң нәтиже күтті. Дегенмен, Ханчжоуда батырларымыздың айы оңынан туған жоқ. Тіпті, ел аузында жүрген Санжар Тәшкенбай бұл жолғы чемпионатта үйінде отырып жанкүйерлік етумен шектелді. 

САНЖАР ТӘШКЕНБАЙ ТУРНИРДІ ЖІБЕРІП АЛДЫ

«Шілде айында Ташкентте өткен Әлем чемпионатында Санжар Тәшкенбай 48 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Азия ойындарына санаулы айлар қалғанда басқа салмаққа ауысып лицензия немесе медаль алу оңай емес. Өйткені, үлкен спортта 3 килограмның өзі біразға татиды. Оның үстіне Санжар Азия ойындарына аса бір дайындалған да жоқ. Үйлену тойының шаруаларымен жүріп ол турнирді жіберіп алды. Федерация үшін де, спортшы үшін де жеке өмір қашан да бірінші орында екенін айтқымыз келеді», - деп ашып айтты Аян Төлеген.

Ал Махмұд Сабырханға келер болсақ, Қазақстан Бокс федерациясының ресми өкілінің сөзінше, ол жарыс алдында басқа салмаққа ауысқан. Өзгерген салмағымен іріктеуден өткенімен, Ташкенттегі жеңісін қайталай алмады. Махмұдтың жеңілісі Санжар Тәшкенбайдың не үшін Азия ойындарына бармағандығының жауабы. Десе де, бұл оның ең ірі және ең алғашқы халықаралық турнирлерінің бірі. Әлі де нәтиже көрсетуге уақыт бар.

AMP

ТӨРЕШІЛЕР ТАРАПЫНАН БҰРМАЛАУ БОЛДЫ

Аян Төлеген Нұрбек Оралбайдың ширек финалға шыға алмауының себебін былай түсіндірді.

«Нұрбек Оралбай жергілікті боксшы Таңатхан Тоқтарбекпен жұдырықтасты. Ол Қытайда туып-өскенімен, ұлты – қазақ. Қытайларға бокстан жалғыз алтынды Таңатхан алып берді. Бұл жерде де түсініксіз жағдайлар көп орын алды, нокдаун есептелмеді. Нұрбек жеңілген жоқ, бірақ төрешілер қарсыластың қолын көтерді. Эксперттер мен мамандардың сөзінше, әділқазылар әділ бағасын бере алған жоқ», - деді Аян Төлеген.

AMP

Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтың жеңілісі өзінен бұрын жанкүйерлерге ауыр соққы болды. Бірі оны жеңілді десе, бірі төрешілер тарапынан бұрмалау болғанын айтып, дау тудырды.

«Ең өкінішті жағдай Асланбек Шымбергеновпен болды. Өйткені, ол жартылай финалда 2021 жылғы Әлем чемпионы жапондық боксшымен шаршы алаңға шықты. Қарсыластың осал еместігіне қарамастан, тікелей эфирде өздеріңіз көргендей Асланбек оны жеңді. Бірақ, жеңісті төрешілер тағы да қарсыласқа берді. Үш төрешінің үшеуі де Латын Американдықтар. Олар жүрген жерде үнемі бір шикілік болатынын ешкім жасырмайды. Пуэрто-Рико, Гватемала, Кубадан келген қазылар Асланбекке лайықты ұпайын қоймады. Жапон елінен келген боксшының өзі де, жаттықтырушылары да бұл жеңістеріне таң қалды. Асланбек Шымбергенов жеңілген жоқ», - дейді ресми өкіл.

AMP

АЛДАҒЫ УАҚЫТТА БОКСШЫЛАРДЫ ЕКІ ЛИЦЕНЗИЯЛЫ ӘЛЕМДІК ТУРНИР КҮТІП ТҰР

Басқа спорт түрлерінен есеміз кетсе де, шаршы алаңға шығып қолғап түйістіруден алдымызға жан салмайтынымызға тарихи жеңістер дәлел. Азия ойындарында біздің былғары қолғап шеберлеріне қарсы тұрған факторлар көп болды. Алайда оларды ақпан және мамыр айларында, Тайландта және Италияда екі лицензиялы әлемдік турнир күтіп тұр. Онда барлық боксшыға лицензия беріледі. Сол кезде ерлер мен әйелдер құрамасы өз мықтылықтарын дәлелдеп, лицензияларын алады деп сенеміз.

Сондай-ақ Қазақстан Бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев өз мәлімдемесінде Асланбек Шынбергеновтың заңды лицензиясын қайтарып, Карина Ибрагимованың ерлер гормоны басым қарсыласында кеткен алтынын алу үшін Азия ойындарының ұйымдастырушыларына қатысты сотқа шағым түсіретінін айтқан еді.

«Азия ойындарындағы боксшылар бәсекесі мәресіне жетсе де, әділдік жолындағы "жекпе-жектер" әлі аяқталған жоқ. Қазақстан бокс Федерациясы Қытай шаршы алаңында жекпе-жектер ұйымдастырған PBU ұйымына (Париж-2024 Олимпиадасындағы ХОК бокс бойынша жұмыс тобы)  сотқа шағымданатынымызды ресми түрде мәлімдеймін. Басты мақсат - Асланбек Шымбергеновке Олимпиада лицензиясын және Карина Ибрагимоваға алтын медалін қайтару», - деп жазды ол өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Еске сала кетейік, биылғы күздің басты спорт бәйгесі – Азия ойындары осы жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтті.  Дүбірлі додаға әлемнің 45 елінен 12 500-ден астам спортшы қатысты. Қазақстаннан ел намысын қорғауға 30 спорт түрінен 524 саңлақ (262 ер, 262 әйел) аттанды. Қоржынға алғашқы күміс жүлдені дзюдошы Әбиба Әбужақынова салды. Жалпы қорытынды бойынша Қазақстан спортшылары Азия ойындарында 80 жүлде: 10 алтын, 22 күміс пен 48 қола медаль жеңіп алды. Осылайша, үздік ондыққа іліге алмаған ел құрамасы 11 орынды қанағат тұтты. Бұл – Азия ойындарында біздің спортшыларымыз көрсеткен ең төмен нәтиже.

Жеке өмірде болатын өзгерістер, қысқа уақыт ішінде салмақ ауыстыру, тең емес қарсылас, төрешілер тарапынан болған әділетсіздік сынды түрлі факторлар боксшыларымыздың жеңіс тұғырына көтерілуіне мүмкіндік бермеді. Әйтсе де, жеңістің жүз әкесі бар, жеңіліс – жетім демекші, қандай жағдай болмасын ұлттық құрамаға соңына дейін жанкүйер болайық.