«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жетінші кезеңі аяқталды. Шабандоздар белгіленген маршруттың тең жартысын басып өтті.
Бұл кезеңнің ерекшелігі сол – марафон қатысушылары Жезқазған-Қызылорда тас жолының 130-ыншы шақырымында аттарын тың атқа ауыстырды.
Жетінші кезең қорытындысы бойынша, Қостанай облысының командасы жеңімпаз атанды. Бұл жолы астаналық шабандоздар мәре сызығына екінші болып келсе, Ақтөбе облысының командасы үшінші болып жетті.
Елордадан аттанған 19 командадан бүгінде 12 команда қалып, келесі 650 шақырымдық мәре жолына шықты.
Енді командалар шығып қалады деген қауіп азайды. Өйткені шабандоздар ат ауыстырып мініп жатыр, уақыттарын ұтымды пайдаланып Түркістанға жетеді деген үмітіміз бар. Былтыр 600 шақырымды 9 команда 32 атпен өтсе, биыл 650 шақырымды 12 команда 41 атпен алғашқы кезеңді аяқтап отыр. Былтыр 650 шақырымды бірінші болып бағындырған команданың уақыты шамамен 56 сағатты құраса, биыл 42 сағатта жүріп өтті. Бұл аттардың дайындығын көрсетеді. Екіншіден, бәсекенің өте жоғары екенін көрсетіп отыр. Сондай-ақ 1-кезеңнің 4 аты командадан тыс 1300 шақырымды бағындыруға бекініп отыр. Оның бәрі мал дәрігерінің рұқсатымен жүзеге асады, - деді «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті, жоба авторы Бақытжан Тұрлыбек.
Бас төреші Надежда Купцова командалардың жарыстан шығып қалуын олардың дайындығы аздығы мен аттардың бабы келіспегеннен болды деп түсіндіре келе, Қостанай облысы командасын ерекше атап өтті.
Ветеринарлардың кеңесіне құлақ түргендер жарысты әлі жалғастырып келеді. Әзірге Маңғыстау, Жетісу, Қостанай құрама командалары аттарына өте жақсы мән беруде. Былтыр жорыққа қатыса алмай қалған Қостанай облысы командасы бәрімізді тәнті етті. Мал дәрігерлерінің пікірінше, 650 шақырымды бағындырған аттар қатарында қостанайлық шабандоздар кәсібилігімен, тұлпарлары мықтылығымен қатты ерекшеленеді. Дегенмен кімнің жеңіске жетуі мүмкін екенін айта алмаймын. Келесі 650 шақырымды тың аттармен бастадық. Аттардың қалай бейімделетінін бақылауымыз керек. Әрі оңтүстік өңірге жақындаған сайын ауа райы ыси береді. Шабандоздарға аттардың күтіміне ерекше мән беріңіздер деп айтқым келеді, - дейді Н.Купцова.
Тағы бір ескерер жайт, жарыстан шығып қалған кейбір команданың мүшелері Түркістанға жеке-дара жетуге ниетті. 1300 ақырымды бағындырған жағдайда оларға арнайы ынталандыру сыйлығы қарастырылмақ.
Жеті күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:
Маңғыстау облысы, 42 сағат 38 минут 31 секунд
Ақтөбе облысы, 43 сағат 59 минут 37 секунд
Қостанай облысы, 44 сағат 39 минут 56 секунд
Жетісу облысы, 46 сағат 43 минут 57 секунд
Жамбыл облысы, 47 сағат 36 минут 21 секунд
Астана қаласы, 46 сағат 34 минут 10 секунд
Абай облысы, 49 сағат 43 минут 53 секунд
Алматы қаласы, 49 сағат 08 минут 31 секунд
Түркістан облысы, 52 сағат 43 минут 02 секунд
Алматы облысы, 54 сағат 04 минут 32 секунд
Қарағанды облысы, 55 сағат 53 минут 47 секунд
Ұлытау облысы, 71 сағат 21 минут 13 секунд
12 команда 13 қыркүйекте таңғы сағат 7:00-ден бастап алғашқы 50 шақырымды еңсеру үшін Қызылорда қаласына қарай жолға шығады.
Түскі астан соң 8-кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындыруы тиіс. Сонымен командалар алдында 750-інші шақырымды еңсеру міндеті тұр.
Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
«Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы, Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр.
Жобаның басты серіктестері: «Аманат» партиясы, Ұлттық спорт қауымдастығы. Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына 9 (Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ) спорт федерациялары кіреді.