Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Алматыда дзюдодан Азия Кубогы аяқталды

Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен, кадеттер мен жастар арасында Бекет Махмұтовты еске алуға арналған дзюдодан рейтингтік Азия Кубогы аяқталды. Қазақстандық және шетелдерден 680 спортшы қатысқан жарысты Қазақстан құрамасы турнирді жалпы медальдық есепте бірінші орынмен аяқтады, - деп хабарлайды Paryz.kz.

Алматыда дзюдодан Азия Кубогы аяқталды
Фото: olimpic.kz

Белгілі болғанындай, біздің жас дзюдошылар 7 алтын, 6 күміс және 14 қола медаль жеңіп алған. Алғашқы үштікке Өзбекстан мен Қырғызстан командалары да кірді.Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері рейтингтік ұпайларға ие болды. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережелері бойынша чемпиондар 100 ұпай, күміс жүлдегерлер 60 ұпай, қола жүлдегерлер 40 ұпай алу керек. Бұл ұпайлар спортшыларға әлем чемпионатына іріктеу жарыстарына қатысуға мүмкіндік береді.

«Дзюдошыларымыз Азия кубогында өте жақсы нәтиже көрсетті. Жеңімпаздарға рейтингтік ұпай берілетін болғандықтан осал қарсылас болған жоқ. Жас спортшылардың жетістіктері отандық дзюдо күресі дұрыс бағытта дамып жатқанын және болашағы зор екенін көрсетеді. Елімізде аталған спорт түріне үлкен көңіл бөлінеді. Мысалы, жаңа әрі қолжетімді спорт нысандарын салып жатырмыз. Сондай-ақ дзюдо өте жоғары деңгейде дамыған Франция сияқты елдерден жаттықтырушы-кеңесшілерді жиі шақырамыз. Спортшыларымызды жетістіктерімен құттықтаймын және болашақта оларға бұдан да жоғары нәтижелер тілеймін», - деді Мәдениет және спорт Вице-министрі Сәрсен Құранбек.

Турнир аясында судьяларға арналған халықаралық семинар-емтихан да өтті. Оның қорытындысы бойынша екі қазақстандық маманға IJF континенталды судьясы атағы берілді, бір төреші халықаралық судья мәртебесін алды.

Кадеттер мен жастар арасында Бекет Махмұтовты еске алуға арналған дзюдодан Азия кубогы алтыншы мәрте өткізілді. Жарысқа 2006-2007 және 2003-2005 жылғы спортшылар қатысты.

«Жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия кубогы біздің жас спортшыларымыз үшін шеберлігін шыңдауға жақсы алаң. Биыл тек Қазақстан емес, шетелден де қатысушылар қатары көбейді. Бекет Махмұтовты еске алуға арналған жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия кубогы осымен биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Жарыс статусы – халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енген ресми рейтингтік жарыс. Жарыстың ұйымдастырылуын IJF төрешілер директорлары Даниэль Ласкау мен Армен Багдасаров мырзалар, Азия дзюдо одағының (JUA) өкілдері жоғары бағалауда. Азия кубогы аясында елімізде төрешілерге арналған семинар-емтихан өтті. Сондай-ақ, жарыс аяқталғаннан кейін Алматы қаласында осы жарысқа қатысқан құрамаларға арналған халықаралық жаттығу лагері ұйымдастырылады. Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан, дзюдодан келешекте жақсы көрсеткішке қол жеткізу үшін бүгіннен осылай жасөспірімдер мен жастарға жағдай жасап, халықаралық жарыстарды көптеп ұйымдастырып отыру керекпіз», – деп атап өтті Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия кубогында 9 алтын, 6 күміс және 12 қола жүлде еншілеп, жарысқа қатысқан 10 елдің қатарында көш бастады. Екінші орынға Өзбекстан спортшылары жайғасса (5 алтын, 6 күміс, 14 қола медаль), Моңғолия өкілдері үшінші орынды қанағат тұтты (2 алтын, 1 күміс, 1 күміс).

Жастар арасындағы бәсекеге Гонконг, Грузия, Греция, Қырғызстан, Латвия, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан, АҚШ, Өзбекстан және Қазақстан құрамасының спортшылары қатысты. Бұл жас санатында да Қазақстан 7 алтын, 6 күміс, 14 қола медальмен жалпы есепте 1-ші орын алды. Екінші орында Өзбекстан спортшылары орналасса (5 алтын, 7 күміс, 7 қола), үшінші сатыға Қырғызстан спортшылары (1 алтын, 5 қола) тұрақтады.

Айта кетейік, биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған Азия кубогіне барлығы 680 спортшы қатысты.