Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Бокс пен ауыр атлетика Олимпиада бағдарламасынан шығып қалды

Бұл спорт түрлерінің Олимпида бағдарламасына қайта енуі немесе енбеуі жөніндегі мәселе Халықаралық Олимпиада комитетінің 2023 жылғы сессиясында қаралады.

Бокс пен ауыр атлетика Олимпиада бағдарламасынан шығып қалды
фото: AFP/Scanpix

Халықаралық Олимпиада комитеті 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген 28 спорт түрінің тізімін жариялады. Бұл тізімге бокс, ауыр атлетика мен қазіргі бессайыс енген жоқ деп хабарлайды Paryz.kz, ТАСС-қа сілтеме жасап.

ХОК президенті Томас Бах жиын барысында бокс пен ауыр атлетиканы "проблемасы көп балаларға" теңеді.

Әңгімемді проблемасы көп балалардан бастағым кеп тұр. Бұлар - бокс пен ауыр атлетика. ХОК атқарушы комитеті бокс, ауыр атлетика және қазіргі бессайыстың өтінішін қабылдау немесе кері қайтару туралы ойланатын болады.

АІВА (Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) қаржылық ашықтық бойынша жұмыстың жақсарғанын көрсетуі тиіс.

Сондай-ақ, төрешілерді тағайындауды дұрыс жолға қоюы керек. IWF (Халықаралық ауыр атлетика федерациясы) допингпен күрес жөніндегі ұсыныстарды толық орындап, допингке қарсы бағдарламаның толық тәуелсіздігін дәлелдеуі тиіс.

Ал UIPM (Халықаралық қазіргі бессайыс одағы) атпен жарысуды алмастыратын жаңа бағдарламаны дайындап шығуы қажет, - деді ХОК президенті Томас Бах.

Бұл спорт түрлерінің Олимпида бағдарламасына қайта енуі немесе енбеуі жөніндегі мәселе Халықаралық Олимпиада комитетінің 2023 жылғы сессиясында қаралады.

Айта кетелік, ХОК Токио Олимпиадасы қарсаңында АІВА-ны өз мүшелігінен шығарып жіберген болатын. Токио Олимпиадасындағы бокс турнирі мен Олимпиадаға іріктеу жарысын ХОК өзі өткізді. Ауыр атлетика бірқатар чемпион мен жүлдегерлердің допингпен ұсталуына байланысты сынға ұшырады. Ал қазіргі бессайыс ат спортының орнына басқа жарыс түрін ойластырмақ.

Өйткені, Токио Олимпиадасында жарысқа түсетін жылқыны қорлаған неміс бапкерінің әрекетінен соң, әлемдік ұйым жануардың қатысы жоқ басқа спорт түрін енгізетінін мәлімдеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Париж Олимпиадасының бағдарламасына енбей қалған спорт түрлері анықталған болатын.