Дамир аралас жекпе-жекте 18 рет жеңген. Оның төртеуін UFC-де қол жеткізген.
Ресей Федерациясының атынан өнер көрсететін қазақстандық файтер Дамир Исмағұловтың жекпе-жегі болмайды. Бұл туралы спортшының менеджері Саят Абдрахманов айтты деп хабарлайды Paryz.kz, sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Дамир Исмағұлов пен отандасы Магомед Мустафаев арасындағы жекпе-жек 30 қазанда UFC 267 жарысының аясында Абу-Дабиде өтуі керек болған. Алайда салмақ өлшеу рәсімінде Дамирдің салмағы 74,1 келіні көрсетті. Ал Дамир өнер көрсететін салмақ дәрежесінің шегі 70,7 келі болуы керек.
Салмақ өлшеу рәсімі жайлы ресейлік аралас жекпе-жек сарапшысы да пікір білдірген.
Дамир Исмағұловтың салмақ өлшеу кезіндегі жағдайы жақсы болмады. Оны таразыға сүйемелдеп алып келді. Мустафаевқа қарсы кездесу өтпеуі мүмкін, - деп жазды автор.
Кейінірек спортшының менеджері жекпе-жектің өтпейтінін хабарлады.
Салмақ қуу кезінде денсаулығынан мәселе туындап, жағдайы нашарлап кетті. Әрі қарай салмақ қуудың маңызы болмады. Жекпе-жек белгілі жағдайларға байланысты өтпейді. Қазір Дамир біртіндеп өзіне келіп жатыр, - деді Абдрахманов.
Дамир аралас жекпе-жекте 18 рет жеңген. Оның төртеуін UFC-де қол жеткізген.