Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

«Халық атынан депутат болуға қақыңыз жоқ»: Мұхтар Тайжан ұлдары алаяқтықпен сотталған Дайрабаевтың мәжілістен кетуін талап етті

Қоғам белсендісі әрі "Халық парламентінің" мүшесі Мұхтар Тайжан мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың парламенттен кетуін талап етті деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

«Халық атынан депутат болуға қақыңыз жоқ»: Мұхтар Тайжан ұлдары алаяқтықпен сотталған Дайрабаевтың мәжілістен кетуін талап етті
коллаж: stan.kz

6 сәуірде Тараз қалалық №2 сотында Жигули Дайрабаевтың 2 ұлы субсидияға бөлінген қаржыны жымқырғаны үшін сотталғаны белгілі болған. Мемлекетке 550 млн теңге зиян келтірген Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалықты 5 жылға шартты түрде бостандығын шектеген. Олар пробациялық бақылауға алынған.

Тайжан өзінің Facebook парақшасында жазған жазбасында ұлдары мемлекеттің ақшасына қол салған Жигули Дайрабаевтың мәжілісте отыруына моральдік қақысы жоқ екенін айтады.

"Екі бірдей ұлдарыңыз мемлекеттің (халықтың) 550 млн теңге ақшасын жеп ұрлап кетті. Ол өзіңіз үнемі мемлекеттен сұрап жүрген субсидия еді. Енді сіздің халық атынан депутат болып мәжілісте отырудың моральдік хақыңыз жоқ. Сол үшін сіз, арыңыз болса, өз еркімен отставкаға кетуіңіз керек! Демалыңыз!", - деп жазды Мұхтар Тайжан.

Айта кетейік, осы жаңалықтан кейін Дайрабаевтың депутаттық мандатын тапсыруды талап еткендердің қатары артқан. Мәселен, құқық қорғаушы Дидар Смағұлов мұндай жағдайдан кейін "кез келген өркениетті елдің депутаты отставкаға кететінін, ал біздің елде олар креслосына соңына дейін жармасатынын" айтады.

"Мен құрметті депутаттарды Дайрабаевқа бойкот жариялауға шақырамын, ортадағы құрметінен айырылды. Жемқорлар қоғам бұдан былай оларға көз жұмып қарамайтынын ұғынуы керек", - дейді заңгер.