Шымкентте қаржы пирамидасына алданған азаматтар бұл күнде ақшасын даулап, амалы құрып, не істерін білмей жүр. Кінәлі екі адам сотталған. Бірақ миллиондаған сома иелеріне қайтарылмай, шығынға батқан жәбірленушілер қарызын жаба алмай жүр. Бір топ азамат неліктен тергеуші де, прокурор да, сот та мүддемізді қорғамады деп есептейді? Сот үкіміне не үшін наразы?
Осы шағыммен шыққан олар мәселеге президент Тоқаевтың, жоғарғы соттың және бас прокуратураның араласуын сұрайды деп жазады Рaryz.kz Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.
0 млн теңгеге дейін салғандар бар
Алдымен, сәуірде шыққан сот үкіміне назар аударайық.
Сот материалдарына сәйкес, Тұрсын Асанұлы атты адам 2020 жылдың наурызынан бастап Instagram мен WhatsApp арқылы үгіт жүргізіп, жарнамалап, салымшыларды өзіне ақша салуға шақырады. Бұл күнде алданып қалған жәбірленушілер Асанұлының аузынан Алланы тастамай сөйлегенін айтады. Арада көп өтпей, ол жұмыссыз жүрген Абзал Калмурзаев атты танысын тартып, қаржы пирамидасын құрған. Жәбірленушілер істе негізі Асанұлының басқа да туыстарының қатысы барын айтқанымен, іс материалдарында айыпты ретінде тек Асанұлы мен Калмурзаевтың аты аталады.
«Бизнесмен» көп өтпей кеңсені жалға алады. Блогерлерге сұхбат береді. Жарнаманы белсенді жүргізеді. Бір сөзбен, өзін табысты кәсіпкер ретінде таныта білген. Косметика тауарларын сататын «Я-Красавица» дүкенін ашқан.
Сотталған екі адам салымшыларға қаржы пирамидасы туралы жақ ашпаған. Интернет желілері арқылы азаматтарды инвестор болуға шақырған. Салымшыларға «ақша салсаң айына 40%» алып отырасың деп қызықтырған. Яғни бір адам 40 мың теңге салса, оған 16 мың теңге айына түсіп тұратынына уәде берген. 1,5 млн теңге салса, айына 300 мың теңгені алатынына сендірген. Ақшаны қолма-қол да, аударым арқылы да алған.
Әр салымшы өзінен кейін тіркеген келесі салымшылар үшін 5% бонус алатын болған. 500 мың теңгеден артық салым салғандарға арнайы сыйлық ұсынылған (ең жоғарысы 1 млн теңге). Қаржылық махинацияға «классикалық» сипат беруге болады.
Асанұлының құрбаны болған жүзден астам адамның ішінде ең көп ақша салғаны – 30 млн теңге. 200-300 мың теңгеден бастап 10 млн теңгеге дейін салғандар да бар.
Үкім әділетті ме?
Басты сот талқылауында сотталушы Т.Асанұлы барлық эпизод бойынша кінәсін толығымен мойындайды. Материалдық залалдың мөлшерімен келіседі. Соттан қатаң жаза тағайындамауды сұраған. Оның сыбайлас Калмурзаев та солай. Сот барысында жәбірленушілердің көбі ақшасын талап етіп, заң шеңберінде айыпталушыларға жаза тағайындауды сұраған. Кешірім бергендер де бар.
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты (судья Тулешов) Т.Асанұлы мен А.Т.Калмурзаевтың іс-әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-ші тармағымен саралайды. Сотталушыларды осы баппен кінәлі деп тануға толық негіз бар деген қорытындыға келеді. Осылайша, Тұрсын Асанұлы кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Дәл осы баппен Абзал Калмурзаев 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылады. Т.Асанұлы, А.Т.Калмурзаевқа жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуге міндеттеледі. «Азаматтық талапкерлердің мүліктік шығынды өндіру туралы талап арыздары – қанағаттандырылсын» деген үкім шығады. Яғни екеуі осы уақытқа дейін алдаған адамдардың ақшасын толық қайтаруға міндеттеледі.
Алланы қосып сөйлейтін – сеніп қалдық
Асанұлыларға алданғандардың бірі – ақтаулық Гүлмира Нұрғазиева. Бұл күнде ол 2 млн теңгені даулап жүр.
«Қоныс колониясында жазасын өтейтінін естідік. Еркіндікпен бірдей деп жатыр ғой, кім біледі. Әйелі еркін жүр. Оның да негізі қатысы бар. Көп заттары тәркіленбеген. Туыстарының атында. Іске қатысты біраз адам бостандықта. Шын мәнінде, олардың мүліктері осы жиналған ақшаға алынған. Сот ақшамыз қашан қайтарылатынын айтқан жоқ. Яғни ешқандай уақыт белгіленбеген. Соған наразымыз», - дейді ол.
Гүлмира Нұрғазиева Асанұлын танысы арқылы білген. Инстаграмда жарнамасын екі ай бақылапты. «Алданып қалатын адам емес едім, білімім жоғары» дегенімен Гүлмира салымның үстінен «түсетін» пайыздарға қызығып, алдымен 500 мың теңге салған. Бір айдан кейін тағы 500 мың теңге жөнелткен. Ақыры 2 млн теңгесінен айырылған.
«Ол Алла деп сөзіне қосып сөйлейтін. Аллаға сенетін адамдармыз – алданып қалдық. Наурызда ұсталды. Оған дейін маған тек бір рет 100 мың теңге сыйақы берді», - дейді ол.
Арамызда ажырасқандар да, инфаркт алғандар да бар
Шымкент қаласынан Инабат Ұнатова мақалада атын өзгертуді сұрады. Себебі қаржы пирамидасына алданып, қарызға батқанын күйеуі білмейді екен. Жеті баласы бар. Қазір қарызын жаба алмай қиналып жүр.
«Мен әу баста әйелі Меруертпен сөйлесіп едім. «Әпше бұл мудороба сауда» деді. Намаз оқығаным болмаса, ол сауданы білмейді екем. Танысымнан сұрасам ол Шариғатта дозволенный нәрсе деп жауап берді. Сонымен, қыркүйекте 200 мың теңге салып, бір жарым айдан кейін үстінен 70 мың теңге түсіп, біраз дәрімді алып алдым. Біраз уақыт өткеннен кейін жәрдемақымды сала бастадым», - дейді ол.
Инабат Ұнатова алдымен құрбылары арқылы жинаған 1 млн 800 теңгені салыпты. Содан кейін тағы бір құрбысынан 2 млн теңге алып, оны да өткізген. Тағы бір жерден 1 млн 500 мың теңге алып, оны да тапсырған.
«Бір күні Тұрсынның кеңсесіне жиналысқа бардық. Барсам ол жерде шақты адам жүр. Көппіз деп ойламаппын. 3-4 адамнан ақша алған шығар деп ойлағанбыз ғой. Ұялғанымнан бір бұрышта отырдым да қалдым. Бұл жерде көп адам арыз жазбаған. Намаз оқитындар көп. Тұрсын бізге «4 балам обалды болмасын, әйелім мен анамды (ол бухгалтер болған) қатыстырмайтын болсаңдар, ақшаларыңның бәрін берем, кешірім қағаз берсеңдер болды» деп уәде берді. Кешірім жазып, анасы мен әйелін көрсетпедік. Сөйтсек сотта ақыры ол басқаша сөйлеп кетті. Екі адвокат жалдапты. Жәбірленушілерді қорғайтын адвокат та болмады. Өйткені бәрі несие алып, адвокат жалдауға да ақшасы қалмаған ғой. Астанада бір әйел осыған ұқсас қылмыста өзін-өзі өртеді. Солай істемесе, жағдайымызды ешкім ойламай ма сонда? Осы істің салдарынан ажырасқандар да бар», - дейді Инабат Ұнатова.
Қаншама ақша кімнің қалтасында кеткенін білмейміз
Қаржы пирамидасына алданған Айбек Сәуленбаев атты азамат та 2,2 млн теңге салған. Алайда соның 700 мың теңгесін алып үлгеріпті. Қалған 600 мың теңгесін алдағандар косметика түрінде қайтарып, бүгін де ол 800 мың теңгеден артық ақшасын қайтара алмай жүр. «Қазір ақшадан қиналып жүрмін, тым болмаса соның жартысын берсе ғой» деп кейиді ол.
«Білуімше, бәрімізден біраз сома алған екен. Сол ақшаны қайда құртқаны түсініксіз. Нақты жауап жоқ. Кімнің қалтасына кеткенін білмейміз. Білуге болады ғой оны. Еш нәрсе айтылмаған. Білуімше, шу басталар алдында ол көліктерін басқа адамдарға сатып үлгерген екен», - дейді ол.
Ал Сержан Рахымжан атты азамат 980 мың теңгесін қайтара алмай жұр. «Сот шешіміне риза емеспін» дейді ол. Жалпы ақша қайда кеткені еш жерде айтылғанына наразы.
«Үкім шыққан кезде онымен келіспей, 7-8 адам шығып, жаздық. Үкім бірақ өзгеріссіз қалды ғой. Арамызда заңгер жоқ болды. Жүзден аса адам алданғанымен, бүгінге дейін ізденіп жүргендеріміз – он-ақ адам шығармыз», - дейді ол.
1,1 млн теңгеге алданған Камилла Әшірепбаева сотта 105 адам зардап шегіп жатқанына, қаншама адам қиналып жатқанына ешкім басын ауыртпады дейді.
«Ақшаны миллиондап салған біраз адам жиналдық. Адвокатқа бардым. Бес балам бар, не істеймін деп сұрадым. Адвокат маған «сіз ары-бері жүгіріп, өзіңіз ештеңе істей алмайсыз, іс осымен қалады, ақшаны өндіріп те бермейді» деді. Адвокат маған «тергеу кезінде бәрін дұрыс жасамағансыздар, жүгіру керек еді, адвокат жалдаймын десеңіз, сол 1 млн теңгеңіз шығып кетеді де, сонымен әуре боласыз» деді. Енді не істейміз сонда?» - деп амалы таусылады Камилла.
Ары қарай қалай өмір сүрерімді білмеймін
Алданған Индира Намуратова да сот шешіміне қанағаттанбайды.
«Тұрсын қарындасына үй алып берді. Әйелінің атында көлік бар. Жылқылары болды. 80 млн теңгеге тауар бар деп өзі айтқан. Тұрсынның әйелі полициямен бірге сол заттардың бәрін алып кеткенін естідік. Қалған 1% ғана сараптамаға беріп, көзбояушылықпен дүкеннен де қымбат бағамен бізге берді. Тауардай қайтарды», - дейді ол.
Индира Намуратова жалғызбасты ана. Қазір пәтер жалдап жүр. Несиелері бар. «3 млн теңгені төлеу маған оңайға тиіп жүрген жоқ» дейді. Осы уақытқа дейін сот процесінен үлкен үміт күткен.
«Қатты назаландық. Осы жағдайдан қаншама стресс, ауру таптық. Бірақ соның бәріне көз жұмып, бір Алладан үміт күтіп отырмыз. «Алланың қалауымен», «Алла қаласа» деп сөйлейтін еді. Тұрсынның өзі «жазатын болсаңдар, анамды, әйелімді араластырмаңдаршы» деп өтінген. «Қайтарып берем, иншаллах» дегесін, жанашырлық таныттық. Енді еш нәтиже жоқ. Өзіміз сорлап тұрмыз. Айлығым 100 мың теңге. Ары қарай қалай өмір сүрерімді білмеймін. Шыдадым таусылып барады. Үкіммен келіспеймін. Бірігіп Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, қайтадан істі қозғағымыз келеді», - дейді Индира.
Пәтерін сатып, ақшасын тапсырған
Еңлік Жолдасова атты азамат 5 млн теңгеге алданған.
«Шымкенттегі бір бөлмелі пәтерімді сатып жібергенмін. Бар ақшаны бердік қой. Кейін адвокат жалдауға ақша таппай қалдық. Бізге «оның мүлкі тәркіленеді, сол кезде ақшаларыңызды аласыздар» деді. Соған сеніп, сотты күтіп жүрдік. Шын мәнінде, мүліктерін тергеуге дейін жоқ қылып үлгерген екен», - дейді Еңлік.
Алданғандардың ішінде мемлекеттік қызметшілер де бар. Аты-жөнін жасыруды өтінген оралдық мемқызметші 650 мың теңгесін қайтара алмай отыр.
«Біз шағымды президент Тоқаевқа, бас прокуратураға жазғымыз келіп отыр. Тергеу басталғанда-ақ жұмыс дұрыс жүргізілмеген. Біз қазір кімге сенерімізді білмейміз», - дейді ол.
5 жыл несие төлеймін
Жазира Берікбаева (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілген) да қаржы пирамидасына 7 млн теңге салым салған. Оның 500 мың теңгесі косметика күйінде қайтарылған. Қазір ол қарызын жабу үшін бес жыл бойы несие төлеуге мәжбүр. Жазира да әу баста қаржы пирамидасымен байланысқанын байқамай қалған.
«Облыстық сотқа аппеляцияға бердік. Бірақ үкім күшінде қалды. Атында еш нәрсе болып шықты. Өкініштісі, біз заңды түсіне бермейміз. Біз шок болып жатқан ол бар уақытты пайдаланып, көлігін бәрін өткізіп үлгерген. Бізге тергеушілер дұрыс ақпарат бермеді. Анасы мен әйелі бәрін білді. Жарнамалады. Анасымен тікелей жұмыс істедім. Әйелінің шотына жұмыс істедік. Өздері намаз оқитын. Әйелі тап-таза болып шықты. Бұл кісіге жазаның ең оңай түрін қолданып жатыр екен. Олай болмайды ғой», - дейді ол.
Жазира Берікбаева бұл күнде сот кезінде өз құқықтарын қорғайтын адвокат жалдамағанына өкінеді. Өйткені бар істі тергеушілер мен прокурорға тапсырған.
«Шыны керек, адам үшін нәпсі деген қиын нәрсе екен. Ақшаны сала беріп, сала беріп, түбінде 7 млн теңге салып тастағанымды есептегенде таңғалдым. Қалай кетіп қалғанымызды білмей қалдық. Амал жоқ, жауып жатырмын. Сеніп қалған өзімнен де бар. Алданып қалдық», - дейді ол.
Бұл істі Антикор тексеруі керек!
Істі сырттай бақылап жүрген адвокат Мұхаммад Ханаевпен әңгімеге тарттық.
– Мұхаммад мырза, сіз осы іспен толық таныссыз. Өзіңіз де адвокатсыз (бірақ бұл іске қатыспаған). Сот шешімі жөнінде пікіріңіз қандай?
– Мен осы соттың шешімін заңсыз деп ойлаймын. Неге? Асанұлының жасаған іс-әрекеті «аса ірі көлемдегі алаяқтыққа» жатады. Оның әрекетінен қаншама адам зардап шекті. Сома миллиондап есептеледі. Осыншама соманы алып, Жамбыл облысындағы қоныс колониясында отыр. Қоныс колониясының түрмеден ерекшелігі – ол бостандыққа шығып, қайта кіріп, жүре береді. Жеңіл жаза деуге болады. Мен онымен келіспеймін! Неліктен? Мысалы біздің елде Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-ші бөлігімен сотталып жатқан адамдар бар. Олар мәселен, бір адамдарды алдап, 25-30 млн теңгесін иеленуі мүмкін. Бірақ оларды кәдімгідей соттап жібереді. Жеңіл жаза бермейді.
– Сонда сіздің ойыңызша, бұл іс дұрыс сараланбаған ба?
– Иә, біріншіден, басты бап ретінде 217 баппен соттаған. Осы баппен қатар 190 баппен де соттау керек еді. Жалпы бұл тек сот емес, тергеу органдары, прокуратураның қатесі деп ойлаймын.
– Осыны біле тұра сот істі тергеу органдарына қайтармаған ба?
– Сот оны тергеуге қайтармаған. Бірақ сотқа мұндай өтінішпен ешкім шықпаған. Адамдар келіп, полицияға арыз жазды. Сол кезде тергеушілер, прокуратура істе алаяқтық бар ма, жоқ па деген мәселені толық қарауы керек еді. Олар әдейі оны қарамайды. Не үшін? Сотталушылар жеңіл жаза алуы үшін!
Сотталғандар қазірдің өзінде қиналып жатқан жоқ. Бізде осындай прецедент болса, жалпы, алаяқтық көбейеді.
– Бұл істе сіздің әкеңіз де шығынға ұшырап отырғанын айтқан едіңіз. Ол қалай болды?
– Жағдай былай болған: Тұрсын Асанұлы Гүлнар Нығматова деген кісіге ақша қарыз болған. Талғат Гүлнарға «мына көлікті сенің атыңа рәсімдейік, солай тарқасайық» деген. Рәсімдеген, көлігін сату-сатып алу құжатын жасаған да, Гүлнар бізге хабарласып, бізге ақша керек деп, көлікті әкеме сатуды ұсынады. ««BMW X5» көлігін 13 млн теңгеге ала сал» дейді. Бұл жерде мен әкемді көндіріп, «BMW X5» жақсы көлік екенін айтып, әкем сатып алады. Ертеңінде «купля-продажаны» жасаймын деді. Көлікті әкем қолхатпен алайын деп, алады. Куәгерлер де бар. Ертесінде, Асанұлының қарындасы барып, полицияға Гүлнардың үстінен арыз жазып, көлігімді күш көрсетіп, тартып алды дейді. Бірақ Абай ауданындағы тергеуде көлікті ешкімнің тартып алмағаны, қарыздың орнына берді деп, істі қысқартып тастады. Одан бөлек әкемді департаментке шақырып, тергеуші әкеме көлік иесі деп қарап, «бірақ сізге жауапкершілік тұрғысында хат берейік, көлікті сатпаңыздар, тергеу біткеннен кейін сотта көлігіңізді қайтарады» деді. Бірақ судья Төлешов сотта қаралған 6 көліктің бес көлігін иелеріне қайтарады да, әкемнің көлігін мемлекет меншігіне өткізеді. Не ақша жоқ, не көлік жоқ – сондай бір жаман жағдайға түсіп қалдық.
– Ал сіздер келтірілген шығын бойынша арыз жаздыңыздар ма?
– Судья Төлешов әкемді сотқа шақырмады. Жолатпады. Кейін менің әкем аппеляцияға берді. Бірақ аппеляция шешімді күшінде қалдырды. Көлік жоқ деді. Заңды түрде қарағанда менің әкем сол көлікті сатып алып жатса, оның зардабы менің анама да тиіп жатыр. Ортақ мүлік қой. Оны қазір алып, не әкемнен, не анамнан сұрамай, көлікті үкіметке өткізеді. Ал бір алаяққа жеңіл жаза беріп жатыр.
Ақшасын сұрап жатыр жұрт. Осының салдарынан қаншама адам өз-өзіне қол жұмсап жатыр. Обал ғой. Қазақстан азаматтары бәрі де. Бәрі де жинап-тергенін осындай адамдарға береді де, бірақ бұлар барады да, аздаған жыл қоныс колониясына барып келіп, бостандыққа шығады. Ақшаны бір жерге тығып қояды.
Істі қарап таңғалдым. 217 бапты қойған ғой. Ол жерде Алдияр деген тергеуші жұмыс істеген. Ол да жан-жақты істі қарамаған. Қалай болса солай. Бұл іске 190 бапты міндетті түрде қосу керек еді.
– 190 бап қосылғанда екеуіне қандай жаза тағайындалар еді?
– Олар қамалып, жазасын өтер еді. Қоныс колониясына жеңіл жаза алғандар барады. Егер оның тәртібі жақсы болса, пробациялық орган сотқа шығып, «бұл адам толық заңды түсінді, өкінді» деп мерзімінен бұрын жіберуге өтініш бере алады.
– Осыншама адам алдана тұра резонансты іс ешбір жерде жазылмаған ба?
– Иә. Мен адвокатпын. Оған реагировать етем. Қазақстан бойынша қаншама резонансты істерге қатысып жатырмыз. Адамдар өзінің жұмсақтығымен, барып, ақшасын берген. Құрбан болған. Олар қандай резонанс жасайды? Барады да, сотта айқай шығарады. Болды сонымен. Оларға ешкім қарамайды да. Тергеу органдары, прокуратура, сот – бәрі де іске әділетті қарамады. Қалай болса солай бәрін тыныш өткізді. «Сәл отырасың» деді – болды. Меніңше, бұл іске Антикорды да қосу керек. Олар тексерсін. Сыбайлас болған ба, болмаған ба – бәрін тексеріп, істі қайтадан көтеру керек.
Сот отырысы (видеодан скриншот)
P.S.
Өкінішке қарай, Шымкенттегі оқиға – елде қаржы пирамидаларына қатысты ондаған істің біреуі ғана. Азаматтардың сенімін пайдаланып, әртүрлі амалмен алдап-сулап пайдаға кенелгендерді құзырлы органдар не үшін уақытында құрықтамайды? Құзыры жетпей ме? Бұлай дейтініміз, таяуда ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті «мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп жүргенін» қатаң сынға алғаны бар-тын. Сонда қалай? Біздің елде жүздеген адамды алдап, бар-жоғы санаулы жылды қоныс колониясында өткізіп, оп-оңай жазадан құтылып кетуге бола ма? Бұл қаншалықты әділ әрі заңды? Жазаның мұндай түрі қулық жасырған алаяқтарға қылмысты қайталауға ынталандырмасына кім кепіл? Әлде алданған адамдардың қаржылық сауатсыздығын бетіне басып, «өзіңнен көр» принципімен өмір сүре береміз бе? Шымкентте алданған азаматтар президент Тоқаев айтқан Әділетті Қазақстаннан әділдікті таба ала ма?
Сұрақ көп.