Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында тәуелсіз журналист Амангелді Батырбековті өлтіруге тапсырыс берді деп күдікке ілінген жергілікті шенеунікке қатысты қылмыстық іс сотқа өтті, деп жазады Рaryz.kz Экспресс К сілтеме жасап.
Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық сотындағылар қоғамдық пікір тудырған қылмыстың істің сотқа келіп түскенін растады. Алғашқы сот отырысы бүгін, 18 шілде күні сағат 15.00-де өтеді. Күдіктілер қатарында бес адам. Оның бірі — Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы. Қалғаны тапсырысты орындаушылар. Ал жәбірленуші — журналистің ұлы. Шенеунік тапсырысын орындаушылар журналисті ұлымен шатастырып, тілшінің 31 жастағы баласына оқ атқан.
БАҚ бұған дейін Амангелді Батырбековтің ұлына әлдекімдер оқ атып, оқиға орнынан ізін суытқаны туралы жазды. Оқиға 3 қаңтар сағат 23.00 шамасында журналистің Сарыағаш ауданындағы үйінің жанындағы дүкенде болған. Ұлына оқ атылған күннің ертеңіне журналист өз сұхбатында шабуылды өзінің кәсіби қызметімен байланыстырып, әлдекімдердің тапсырысы болуы мүмкін екенін де айтты. Ал ұлына шұғыл түрде операция жасалынған. Дәрігерлер жас жігітті аман алып қалды.
Көп ұзамай облыстық Полиция департаментінің бастығы "Адам өлтіруге өлтіруге оқталу" бабы бойынша тіркелген қылмыстық іс бойынша 5 күдікті ұсталғанын мәлімдеді. Олардың қатарында "киллер" қызметіне тапсырыс берді деген күдікке ілінген жергілікті шенеунік те бар. Ол тілшінің өмірін 5 миллион теңгеге бағалаған. Күдікті болып отырған шенеунік Сарыағаштың бас ұстазы.
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар шенеунік бұйрық негізінде жұмыстан босатылмағанын айтты. Қылмыстық істе күдікті болуына байланысты қызметінен уақытша шеттетілген.