Бішкек милициясы Қаңтар қырғыны кезінде Алматы қаласынан туған жеріне сапарға шығып, жолда әскери адамдарға ұсталған, артынша абақтыда отырып азапталған қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновқа қатысты тергеуді аяқтады деп жазады Рaryz.kz Оrda.kz сілтеме жасап.
«Сарапшылар денсаулығыма ауыр зиянын тигізгенін анықтады. Эксперты установили нанесение тяжкого вреда моему здоровью. Жиналған материалдар Қырғызстанның Бас прокуратурасы арқылы кінәлі тұлғаларды анықтау және қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанның құзыретті органдарына жіберіледі», – делінген музыканттың Facebook парақшасында.
Алматы қаласында ұсталған алғашқы террористердің бірі деп көрсетіліп, артынша Қырғыз Республикасының билігі мен халқының үн қатуы арқылы босатылған музыкант Викрам Рузахунов музыкадан бөлек, ІТ бизнеспен айналысатынын, Алматыға серіктестерімен болашақ жобаны талқылау мақсатында келгені туралы баяндаған.
4 қаңтар күні митинг басталған. Жергілікті достарының кеңесіне сүйенген Рузахунов 4, 5 және 6 қаңтар күндері ешқайда шықпаған. Ахуал қиындап, отбасымен байланыса алмаған ол Бішкекке қайтуға шешім қабылдайды.
7 қаңтар күні ол «Сайран» автовокзалына келген. Көлікте одан бөлек тағы үш жолаушы болған. Алматы–Бішкек тас жолында Самсы ауылының тұсында блок-бекетте оларды тоқтатып, барлығын тексерген.
Рузахуновтың айтуынша, қырғыз паспортын көрген тәртіп сақшылары оны көліктен түсіріп, басынан ұрып, алып кеткен.
Рузахунов үш күн бойы тәртіп сақшылары оның жеке басын анықтауға тырыспағанын айтқан. Ол Бішкекке келгеннен кейін біршама уақыт өз-өзіне келе алмағанын және өзінің физикалық жағдайына қарай алмағанын айтты.
Кейін тексеру кезінде оның қабырғасының сынғаны, бас сүйегіне зақым келгені, төс сүйегінің жарақаты және басқа да көптеген сыртқы жарақаттар алғаны анықталған.